Қазақстан Бас прокуратурасы 7 ақпан күнгі брифингте қаңтар оқиғасы кезінде "бейбіт митингілерді түрлі күштер пайдаланды" және "кейбір күштік орган басшылары қасақана түрде арнайы бөлімнің жұмысына кедергі келтірді" деп мәлімдеді.
– Тергеу органдары оқиғаның жай-жапсарын қалпына келтіріп жатыр. Бастапқы кезеңде наразылар өздерін бейбіт ұстады. Онда жәй жүрген адамдар көп болды. Оқиға тәртіпсіздікке ұласады деп ешкім ойламаған. Алайда кейін оқиғаға қылмыстық тұлғалар мен бұзақы топтар араласа бастады. Олар тізгінді қолына алып, белсендірек әрекеттерге арандата бастады, – деді арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров.
Ол сонымен бірге "әрекеттердің үйлестірілгенін" атап өтіп, Қазақстан "гибридті шабуылға ұшырады" деп мәлімдеді.
– Ұйымдастырушылар өздерінің жоспарларына деструктивті және қылмыстық топтарды тартып, оларға қару беріп, іс-әрекеттерін үйлестіріп отырған. Қазіргі таңда 18 ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі, адам өлтіру, ұрлық, тонау және қарақшылық жасағаны үшін бұрын сотты болған 21 тұлға ұсталды. Олардың қатарында "Дикий Арман" лақап атымен танымал Жұмагелдиев және оның топ мүшелері де бар. Бұл тұлға туралы жеке тоқталып өтейін. Оның қаруланған адамдары кездейсоқ өтіп бара жатқан 24 бейбіт тұрғынды ұрлап, күштеп ұстаған. Оларды бір жерден екінші жерге апарып, ұрып-соққан, нәтижесінде бір адам қаза болған. Бұдан басқа, қарақшылар 12-ші қалалық ауруханада полиция қызметкерін қатты соққыға жығып, қызметтік қаруын тартып алған, - деді бас прокуратура өкілі.
Ожаров сонымен бірге Алматы мен Жамбыл облыстарында полиция қызметкерлерінің "мемлекеттік мүддесі мен қоғам қауіпсіздігіне қайшы" әрекет етіп, қару-жарақ пен оқ дәрі болған полиция департаменті ғимараттарын тастап кеткенін айтты. Нәтижесінде қолды болған 1,5 мың қарудың 967-і ғана табылған.
- Бұған қоса, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы, Алматы облысы және Қызылорда облысындағы департамент бастықтары әрекетсіздік танытты. Біз кейбір күштік орган жетекшілерінің тәртіпті сақтауы тиіс болған арнайы жасақ әрекетін әдейі тежеген деген болжамды қарастырып отырмыз, – деді Ожаров.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті қазіргі кезде "мемлекетке опасыздық жасау және билікті күшпен басып алу талпынысы" бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Бұған дейін ҰҚК бұрынғы жетекшісі Кәрім Мәсімов, оның екі орынбасары Әнуар Сәдіқұлов пен Дәулет Ерғожин қамауға алынған.
Бұған қоса, 7 ақпанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті "А" арнайы тағайындау қызметі директорының бірінші орынбасары және Қызмет орталығының бастығы билік өкілетін асыра пайдалану бабы бойынша ұсталғаны белгілі болды. Оларға қозғалған қылмыстық істер "құпия" жүргізілуі тиіс істер қатарында.
Бас прокуратура өкілдері қаңтар оқиғасы кезінде "саяси экстремизм" белгілері де болды деп санайды.
– Тіпті қоғам және азаматтық белсенділер деп саналатындар да, наразылықтардың бастапқы кезеңін пайдаланып, тізгінді алуға тырысқан. Бұл ретте тыйым салынған "ҚДТ/Көше" атты экстремистік ұйымының мүшелері жаппай тәртіпсіздіктерге белсене итермелеген. Жалпы ұсталғандардың арасында 35 тыйым салынған экстремистік ағымдардың мүшелері анықталды, – деді Ожаров. (Еуропарламент аталған екі ұйымды "бейбіт оппозициялық ұйымдар" деп атап, құқық қорғаушылар ұйымның жақтастарын қудаламауға үндеген).
Бұған дейін Қазақстан билігі қаңтар оқиғасы кезінде "сыртқы күштердің" әрекет еткенін де мәлімдеген. Бас прокуратураның дүйсенбілік брифингісінде "сыртқы күштер" туралы айтылған жоқ.
Ризабек Ожаровтың айтуынша, қаңтар оқиғасын зерттейтін ведомствоаралық тергеу тобы елдің 8 аймағында жұмыс істеп жатыр: Алматы қаласы, Шымкент, Алматы облысы, Жамбыл, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облысы.
- Биыл қаңтарда Жаңаөзен мен Ақтау қалаларында сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты жаппай наразылық басталып, оның соңы ел аумағында тәртіпсіздік пен зорлық-зомбылыққа ұласқан.
- Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда кемі 227 адам мерт болған, оның 19-ы – күш құрылымдары өкілдері. Билік қаза тапқандардың бір бөлігі "қарулы бандиттер" мен "террористер" деп мәлімдеді. "Сыртқы күштердің" әрекеті туралы да айтқан, бірақ оған дәлел келтірмеді. Үкімет қанша бейбіт адам қаза болғанын айтпады.
- Қаңтар оқиғасы бойынша күдікті ретінде ұсталып, қамалған азаматтардың туыстарынан тергеу кезінде ұрып-соғып, кейбірін тірі әкетіп, өлі қайтарғаны туралы арыз-шағым көбейген. Қоғам өкілдері, жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстан билігін азаматтарды азаптауды дереу доғаруға үндеген.
- Human Rights Watch ұйымы 1 ақпанда жариялаған есебінде полиция бейбіт наразылар мен басқа да адамдарды жөн-жосықсыз ұстаған, кейбіріне қатігездік танытып, электрошокермен азаптап, шоқпармен ұрған деп жазған. Елдің сыртқы істер министрлігі 3 ақпандағы хабарламасында Қазақстан ұсталған азаматтарға тергеу кезінде "шамадан тыс" күш қолдану, заңсыз ұстау, азаптау мен қатыгездік танытқан болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды және ондай жайттарды айыптайды деп мәлімдеді. СІМ қазір тергеу кезінде "заңсыз әдісті қолдану" бабы бойынша 98 іс тергеліп жатқанын хабарлап, "кез келген ақпарат мұқият тексерілетін болады" деп сендіруге тырысты.