13 ақпанға жоспарланған Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алуға арналған азалы митинг қарсаңында "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының президенті, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина үйіне прокуратура өкілдері келгенін хабарлады. Ол бұл жөнінде Facebook парақшасында жазды.
Алмалы аудандық прокуратурасының құқық қорғаушыға тапсырған "заңды түсіндіру қағазында" құқық қорғаушының әлеуметтік желі арқылы "13 ақпанда Республика алаңында заңсыз митингіге шақырғаны" жазылған. Ол үшін заңнамада әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны да айтылған. Онда Алмалы аудандық прокуроры Б.Ертаевтың қолы бар.
Бұған дейін елдегі бірқатар құқық қорғаушылар, белсенділер мен саясаткерлер 13 ақпанда Алматының Республика алаңында қаңтар қырғынын құрбандарына арналған азалы митинг өткізетінін хабарлаған. Екі апта бұрын қала билігі коронавирус індеті мен Республика алаңының митинг өткізетін ресми белгіленген орынға жатпайтынын алға тартып, белсенділерге жиын өткізуге рұқсат бермеген. Осыған дейін белсенділер соған қарамастан оқиға құрбандарын еске алу азаматтық борышы екенін айтқан.
Қазақстанда өткен айдың басында болған Қаңтар қырғыны кезінде кемінде 227 адам қаза болған. 19-ы күштік құрылым өкілдері. Құқық қорғаушылардың айтуынша, опат болғандардың басым бөлігі бейбіт азаматтар. Арасында әйелдер мен балалар да бар.
Қоғам талабына қарамастан билік олардың аты-жөнін әлі күнге дейін жариялаған жоқ. Бұған дейін құқық қорғаушылар мен белсенділер қаза болғандардың аты-жөнін өз бетінше анықтап, жариялаған. Азаттық та олардың тізімін құрастырған. 11 ақпанда кешке оқиға құрбандарының тізімі жарияланған Азаттық парақшасы кенет ашылмай қалды. Елдегі ең ірі провайдер "Қазақтелеком" компаниясы түсініктеме бермеді.
Халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылар мен ұйымдар Қазақстан билігінен оқиғаны жан-жақты тәуелсіз ашық зерттеуге шақырған. Осы аптада Human Rights Watch ұйымы Нұр-Сұлтанды зерттеу тобына тәжірибелі халықаралық сарапшыларды да қосуға үндеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ HRW қаңтар оқиғасын зерттеуге халықаралық сарапшыларды тартуды ұсынды. СІМ ол жөнінде хабарламадыҚазақстанда 2020 жылы мамыр айында бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы жаңа заң қабылданған. Оған сәйкес, митинг өткізу үшін әкімдікке "ескерту жіберу ғана жеткілікті". Алайда құқық қорғаушылар іс жүзінде аталған заң митинг өткізу мүмкіндігін жеңілдетпегенін, құжат бұрынғыша әкімдіктен рұқсат алуға міндеттейді деп айтқан. Билік құжатты "демократияға ірі бетбұрыстың" көрінісі деп атаса, құқық қорғаушылар мен сарапшылар "жаңа заңда ескі шектеулер сақталып қалғанын" айтады.