Орал белсенділерінің хабарлауынша 13 ақпанда Қаңтар қырғынында қаза болғандарды еске алу күні 13 адам ұсталған. Олар еске алу акциясына жете алмаған.
Белсенділер Маруа Ескендірова, Василий Хасанов пен Амангелді Оразбаев қала әкімдігінің алдындағы Абай алаңына түсте жиналмақ болған. Сағат он екі жарым шамасында үйлерінен шыға берісте полиция алып кеткен.
— Алаң маңында полиция өте көп болды. Бізді көлікке бөлек отырғызып, қалалық полиция бөліміне әкетті, -дейді Маруа Ескендірова Азаттық тілшісіне.
Белсенді полиция бөлімінде төрт сағатқа жуық отырған. Қандай да бір құжаттарға қол қоюдан бас тартқан. Өзге де белсенділерге полиция осындай әрекет жасаған.
— Мені қалалық полиция бөліміне әкелген соң шақыру қағазды қолыма ұстатуға тырысты. Ондай қағазды алдын ала беру керек деп бас тарттым. Сұрақтарына жауап бермедім. Ұстағаны және полиция бөліміне жеткізілгені жайында хаттама толтырмады, адвокат ұсынбады,-дейді Ескендірова.
13 ақпан күні түсте Мақсат Айсауытов, Нұрлыбек Атауллин, Мира Ахметова, Дастан Бәзенов те ұсталған. Белсенділер сөзінше, соңғы екеуі жексенбі күні кешке дейін де байланысқа шықпаған.
Ұсталғандардан өзге тағы да бірнеше адам қаңтар қырғынында қаза болғандарды еске алу акциясына бармақ болған, бірақ полиция торуылдап тұрған соң үйлерінен шыға алмаған.
— Таң атпай үй жанына мәшине келіп, төрт сағаттай тұрды. Үйден шыға алмадым,- дейді Бауыржан Әліпқалиев.
Белсенді Бекболат Өтебаевпен үйінің жанында торуылдап тұрған жекеменшік көлік жүргізушісі сөйлесуден қашқақтаған.
Полиция департаменті Азаттық тілшісінің осы мәселе жөніндегі телефон қоңырауына жауап бермеді.
Жексенбі күні Қаңтар қырғынында қаза болғандарды еске алу акциясы Қазақстанның бірнеше қаласында өткен еді. Көпшілігі белсенділерді қуғындаумен аяқталған. Алматыда өткен митинг соңында полиция үш адамды алып кеткен. Жаңаөзен, Шымкент, Ақтөбе қалаларында да осыған ұқсас жайттар болған.