15 ақпанда Ақтөбедегі жедел жәрдем көлігі жүргізушілері жалақыны көбейтуді талап етіп, наразылық жиынын өткізді. Бұл ұжым жалақының аздығы туралы төрт жылдан бері айтып келеді.
- Проблемамыз шешілмей келе жатқалы төрт жыл болды. Желтоқсан айында басшыларымыз "Жаңа жылдан бастап жедел жәрдем қайтадан мемлекет иелігіне өтеді. Сол кезде жалақы көбейеді" деген. Жыл соңында түрік инвесторлары мекемені бюджетке қайтарды. Содан кейін қаңтар айында жалақымызға қосылғаны - 12 мың теңге ғана. Айына 192 сағат жұмыс істеп, қолымызға 70-80 мың теңге (162-181 доллар аралығында – ред.) аламыз. Жұмысымыз физикалық тұрғыдан да, психикалық тұрғыдан да ауыр. Ауысымнан соң үйге тәлтіректеп әрең жетеміз, - дейді жедел жәрдем жүргізушісі Бауыржан Исмаилов.
Наразылардың айтуынша, Ақтөбеге кем дегенде 45 бригада қажет. Бірақ күн сайын қала халқына 24-25 бригада қызмет көрсетеді.
- Әр бригада тәулігіне 25-30 шақыртуға барады. Бұл оңай шаруа емес! Сондықтан жалақымызды 100 пайыз өсіруді талап етеміз! Қымбатшылық қысып барады. Отбасын асырау қиындап кетті. Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігіне дейін шағымдандық. Ештеңе өзгерген жоқ. Бұл жолы Конституция кепілі деп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап отырмыз, - деді жедел жәрдем жүргізушісі Арман Құлымбаев.
Сейсенбі күні жедел жәрдем көлігі жүргізушілерінің талабын Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев, осы саладағы кәсіподақ төрағасы Қайрат Сабыр, еңбек инспекциясы өкілі және жедел жәрдем бекетінің бас дәрігері тыңдады.
- Көлік жүргізушілерінің жалақысын көбейту үшін қаржы ресурстарын іздеп көреміз. Бұл мәселе он күн ішінде шешілуі тиіс. Осы аралықта көлік жүргізушілерімен жұмысты тоқтатпау туралы келісімге келдік, - деді Ақтөбе жедел жәрдем бекетінің бас дәрігері Марат Жанқұлов.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, Ақтөбе жедел жәрдем бекетінде 216 адам көлік жүргізеді.