Orda.kz сайтының бас редакторы Гүлнара Бажкенова 15 ақпанда түнгі сағат 10 жарым шамасында бейтаныс екі ер адам пәтерінің есігінің құлпын бұзуға тырысқанын хабарлады.
Журналистің сөзіне қарағанда, сейсенбі күні түнде кішкентай ұлын ұйықтатып жатқан кезде кіреберіс есік жақтан біртүрлі дыбыстар естілген. Есікті ашып қараған кезде бойы ұзын етжеңді екі ер адамның тұрғанын көрген. Олар бірден есікті кері жауып жіберген. Бұдан соң есіктің ішкі құлпысы біраз уақыт істемей қалған.
Журналист Facebook парақшасында полицияның үйіне келген сәтінен видео жариялап, жазған арызының да көшірмесін салып қойған.
Журналист оқиғаны кәсіби қызметімен байланыстырады. Оның айтуынша, бұл оқиға "Зерде" холдингінің жетекшісі Арман Әбдірасылов туралы мақала жарияланғаннан кейін болған. Бажкенова оның алдында "ұлымен болған оқиғаны да" сонымен байланыстырады. Оның айтуынша, алты жасар ұлы отырған көлік жүргізушісін жол полициясы "негізсіз" тоқтатып, көлікте жалғыз қалған ұлы қорқып қалған.
Ал "Зерде" холдингінің жетекшісі Арман Әбдірасылов Азаттыққа берген сұхбатында өзіне "жалаң айып" тағылып отырғанын айтып, полицияға шағым түсіретінін айтты. Ол "заңгерлермен ақылдасып жатқанын" жеткізді.
Полиция әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді.
Қазақстанда журналистер жиі қысымға ұшырап, кәсіби қызметін атқару кезінде кедергіге ұшырайды. Қаңтар оқиғасы кезінде елде Orda.kz және ҚазТАГ агенттіктерінің сайты ашылмай қалған. Журналистер қауымдастығы және баспасөз қорғау ұйымдары сайттардың бұғатталуын сынап, оларды дереу ашуды талап еткен. Қаңтардың соңында аталған ақпарат сайттары қайта ашылды.
“Шекарасыз тілшілер" ұйымының Дүниежүзілік сөз бостандығы рейтингінде Қазақстан 180 елдің арасында 155-орында тұр және "сөз бостандығы ахуалы қиын" елдер қатарында.