16 ақпанда Алматы қалалық прокуратурасының алдына оннан астам адам жиналып, қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған азаматтық белсенді Дархан Уәлиевті босатуды талап етті. Олардың қолында "Дархан террорист емес!", "Бостандық талап етеміз" деген жазуы бар, белсендінің суреті бар шағын плакаттар болды.
Белсендінің әйелі Бұлбұл Бердіқожанованың сөзіне қарағанда, қоғамдық-саяси мәселелерге пікірін айтып, көзқарасын жеткізіп жүрген Дархан Уәлиев бірнеше бап бойынша күдікке ілінген. Әйелі қаңтар оқиғасы кезінде "халықты тыныштыққа шақырып, полициядағы белсенділерге араша түскен" азаматты билік "қылмыскер" ретінде көрсетуге тырысып жатыр деп санайды.
– Оны "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушы", "қарулы топпен шабуыл жасаған", "адамдарды заңсыз босатты" деп айыптап отыр. Оның бәрі ойдан шығарылған. Оны полицияда ұрып-соғып, 12 сағат бойы азаптап, үстінен қылмыстық іс қозғаған. Ол ешқандай террорист емес. Маған бір кісілер сол кездегі видеоларды жіберді. Ол әкімдік алдындағы оқиға кезінде (5 қаңтар Алматы әкімдігінің маңында – ред.) ғимаратқа барып тығылған жаралы курстант балаларға көмектесті. Бір емес, бірнеше адамды шығарған. Ол кезде әскерилердің, арнайы жасақтың бәрі қашып кеткен еді. Ол тәртіпсіздікке емес, керісінше тыныштыққа шақырған, – деді Бұлбұл Бердіқожанова Азаттық тілшісіне.
Ол Алматыдағы тергеу изоляторында отырған күйеуінің денсаулығы мен жағдайына алаңдайды. Оның айтуынша, күйеуінің көзі нашар көре бастаған.
– Көзі нашар көреді. Өйткені полицияда азаптағанымен қоса, оны жатқызып көзіне баклажканың мойнын әкеп, мыжып тығып, көзін әбден езген. Содан қазір оның көру қабілеті күрт төмендеп кеткен. Құжатты оқи алмайды. Мүгедек жасап тастады. Екі күн бұрын қоғамдық қорғаушысы ретінде тергеу изоляторына барған кезде оны ең шеттегі корпусқа тығып тастағанына куә болдық. Ол жерде тастай, суық. Ол да азаптауға жатады. Олар әлі күнге дейін азаптауды тоқтатқан жоқ. Күйеуімнің өміріне қауіп төніп тұр. Оны босатуды талап етемін, - деді Бұлбұл Бердіқожанова.
Сәлден соң талап қойған наразылар жазбаша арыздарын өткізу үшін прокуратура ішіне кіріп кетті. Ал ақпарат құралдарын ішке кіргізбеді.
Дархан Уәлиев – биліктен саяси тұтқындарды босатуды, азаматтық құқықтардың бұзылмауын үздіксіз талап етіп жүрген белсенділердің бірі. Былтыр қазан айында елде резонанс тудырған "13 белсендінің ісі" бойынша оның бостандығы бір жылға шектелген.
Қаңтардағы оқиғадан кейін ұсталған белсендінің туыстары мен құқық қорғаушылар оның ауыр бап бойынша күдікке ілінгенін, оның тергеу кезінде азапталғанын айтқан. Құқық қорғау өкілдері оның азапталуына қатысты сұрақтарға жауап бермеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қамаудағы белсендінің әйелі: Күйеуімді 12 сағат бойы үздіксіз ұрып-соққанҚұқық қорғаушылардың айтуынша, Қазақстанда қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандар арасында кемінде 30-ға жуық азаматтық белсенді бар. "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының президенті Бақытжан Төреғожина бұған дейін олардың тізімін де жариялаған. Олар негізінен "жаппай тәртіпсіздік", "терроризм", "көрінеу жалған ақпарат тарату" баптары бойынша күдікке ілінген.
Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар билікті бейбіт шеруге қатысқан, пікірін айту құқығын жүзеге асырғысы келген азаматтарды қудаламауға, оларды дереу босатуға шақырған.