17 ақпанда Нұр-Сұлтанда алты әйел Министрліктер үйіне барып, баспана мәселесін шешуді талап етті. Ақтаудан келген әйелдер өткен аптадан бері астанада жүргенін, билік жалға алған пәтерлерін жекешелендіріп бермейінше бұл жақтан кетпейтінін айтты.
Мүгедектігі бар екі бала тәрбиелеп отырған ана, Ақтау тұрғыны Анар Жалғасбаеваның айтуынша, ол ұзақ жылдардан бері баспана кезегінде тұрған. 2019 жылы жергілікті билік жалға пәтер беріп, "бірнеше жылдан соң үй жекеменшігіңізге өтеді" деп уәде берген. Кейін мұның олай емес екенін түсінген. Наразы ана кейін балаларының далада қаңғып қалғанын қаламайтынын айтып, пәтерін жекешелендіруді талап етті.
– Мен биліктен өмір бойы жалға беретін пәтер сұраған жоқпын. Бізді прокурор мен ҰҚК-мен қорқытпасын. Аналардың жан айқайын естісін деп осында келіп отырмыз. Тоқаев, бізді шырылдатпай, пәтерді жекешелендіріп бер! – деді Анар Жалғасбаева.
Оның жанында тұрған өзге аналар да оны қолдап, баспана мәселесін тез арада шешуді сұрады. Олардың сөзіне қарағанда, бұған дейін президенттің көмекшісі Тамара Дүйсенова оларға мәселелерін қарауға уәде берген. Алайда әзірге нәтиже жоқ.
Наразы аналардың бірі "әркімнен қалған киімді киіп, әркімнен қалған тамақты ішіп жүрміз. Мұнай-газға бай мемлекетте тақыр кедей болып өмір сүріп жатырмыз" деп зар еңіреді.
Аналардың алдына Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Бақытжан Качаков шықты.
– Қолданыстағы заң бойынша, жалға берілетін үйлер жекешелендіруге жатпайды. Ондай нәрсе заңда жоқ. Оны жүзеге асыру үшін заңға өзгеріс енгізу керек. Ал ол бір күнде шешіле салатын шаруа емес. Сіздердің жағдайларыңызды түсінемін. Бірақ бұл жерде тұрғаннан пайда жоқ, - деді Бақытжан Качаков.
Ал наразы әйелдер "қаңтар оқиғасы кезінде президент газдың бағасын бір күнде арзандатты, аналарды зар жылатпай бұл жолы да солай жасасын" деді.
Олар Ақтаудан тағы да әйелдер келетінін, наразылардың саны молаятынын да жеткізді.
8 ақпанда түнде Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында көп балалы, мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар, мүгедектігі бар адамдар облыс әкімдігіне барып, баспана мәселесін шешуді талап еткен. Билік өкілдерінен ешкім шықпағаннан кейін олар қоғам назарын аударту үшін жолды жапқан.
Қарай отырыңыз: Ақтауда баспана талап еткен көп балалы аналар жолды жапты (9 ақпан 2022 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
Баспана мәселесі – Қазақстанда наразылыққа жиі себеп болатын өткір мәселелердің бірі. Ресми мәлімет бойынша, елде жарты миллионнан астам адам баспана кезегінде тұр. Наразылар баспана кезегі өте баяу жылжитынын және кейде кезекке "тамыр-таныстық пен жемқорлық" араласатынына шағымданады, кейбірі берілген үйлердің шарттарына көңілі толмайды. Билік өкілдері баспана мәселесі бір күнде шешіле қоймайтынын, мәселені шешуге барынша күш салып жүргенін жиі тілге тиек етеді.