Пекин олимпиадасында мәнерлеп сырғанаудан әйелдер арасындағы жарыста ресейлік Камила Валиева 4-орын алды. Ол қысқа бағдарламада үш айналым аксель секірісінде қателік жіберсе, негізгі бағдарламада екі рет құлап қалды.
Алтынды Анна Щербакова (Ресей), күмісті Александра Трусова (Ресей), қоланы Каори Сакамото (Жапония) иеленді.
Валиева олимпиада алдында фаворит болған еді. Бірақ Пекин олимпиадасы өтіп жатқан тұста Валиева допинг дауына ілінді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресейлік Камила Валиева олимпиадаға қатысуға рұқсат алды. Бірақ жүлде алса марапатталмайды11 ақпанда Халықаралық тест агенттігі (ITA) Валиеваның олимпиадаға дейін, яғни 2021 жылы 25 желтоқсанда тапсырған допинг тестінен рұқсат етілмеген триметазидин препараты табылғанын мәлімдеді.
РУСАДА (Ресей допинг агенттігі) 25 желтоқсанда Ресей чемпионаты кезінде Валиевадан допинг сынамасын алып, Швецияның Стокгольм қаласындағы WADA зертханасына жіберген. 8 ақпанда Стокгольмдегі зертхана Валиеваның сынамасынан рұқсат етілмеген препарат тапқанын хабарлады.
Осыдан соң спортшы бірден жарыстардан, соның ішінде олимпиададан автоматты түрде уақытша шеттетілген еді. 9 ақпанда Валиева РУСАДА-ның тәртіптік комитеті қайта шағымданады да, жеңіске жетеді (Допинг Ресей чемпионатында алынған сынамадан табылғандықтан Валиева РУСАДА-ға шағым түсірді). РУСАДА Валиеваға қойылған уақытша шектеуді алып тастап, оның олимпиадаға қатысуына рұқсат береді.
10 ақпанда Халықаралық олимпиада комитеті, ISU және WADA РУСАДА-ның Валиеваға олимпиада ойындарына қатысуға рұқсат берген шешіміне қарсы Спорт арбитраж сотына (СAS) шағымданған еді. 14 ақпанда CAS Валиеваға олимпиадаға қатысуға рұқсат берген.
Ал ХОК егер Валиева олимпиадада медаль алса марапаттау рәсімі өтпейді деп мәлімдеген. Олимпиадада медальды Щербакова, Трусова, Сакамото иеленгендіктен марапаттау рәсімі ұйымдастырылады.
Валиева Пекин олимпиадасында Ресей олимпиада комитеті құрамасы сапында командалық жарысқа қатысып, алтын медаль иеленіп қойған. ХОК командалық жарыстың марапаттау рәсімі өтпейтінін жариялаған. Командалық жарыстың жүлдесі Валиеваның ісі аяқталған соң тапсырылмақ.