Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген күдікке ілініп, үйқамаққа алынған қызылордалық 27 жастағы Талғат Мешітәлі 17 ақпанда қайта қамауға алынды. Бұл жөнінде Азаттыққа туыстары хабарлады.
Талғат Мешітәлі қамалмай тұрып бір күн бұрын Қаңтар оқиғасын зерттеу жөніндегі тәуелсіз комиссия отырысына қатысып, қаңтар басында изоляторда отырған кезде полиция қызметкерлерінің өзін азаптағанын айтқан. Өзін ұрып-соққан полиция қызметкерлерін жазаға тартуды сұраған.
Талғат Мешітәлінің айтуынша, оның наразылыққа еш қатысы жоқ. 4 қаңтарда "көлік жөндеп жүріп, қолын жарақаттап алғаннан кейін ауруханаға барған". Артынша полиция оны ұстап, "күдіктілер қатарына қосқан". Бірнеше күн уақытша қамау изоляторында ұстап, азаптаған. Артынша тергеу соты "дәлелдердің жеткіліксіздігіне байланысты" оның қамау шарасын үйқамақпен ауыстырған.
Туыстары бұлтартпас шарасының өзгеруін Талғат Мешітәлінің комиссия отырысында сөйлеген сөздерімен байланыстырады. Адвокаты Асан Омаровтың айтуынша, комиссия отырысынан кейін көп кешікпей ертесі Талғат Мешітәлінің үстінен тағы екі бап бойынша іс қозғалғаны белгілі болған.
– Менің қорғауымдағы Талғат Мешітәліні кеше (17 ақпан - ред.) қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері үйінен алып кетіп, тергеу сотының санкциясымен 2 айға қамауға алғаны рас. Қазір ол [жаппай тәртіпсіздіктен бөлек] "үкімет өкіліне күш қолданды" және "кісі өлтіруге оқталды" деген тағы екі бап бойынша да күдікке ілінген. Тергеушілер әзірге бізге оның қылмыстық істерін дәлелдейтін фото-видео немесе өзге де дәлелдер ұсынған жоқ, - дейді адвокаты Асан Омаров.
Азаттық тілшісі бұлтартпас шарасының өзгеру себебін білу мақсатында Қызылорда тергеу сотына хабарласқанмен жауап ала алмады.
2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсылық акциясы бірер күнде Қазақстанның біршама өңірінде жайылды. Қызылордада 4 қаңтарда басталған митингі ертесінде жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Ресми дерек бойынша Қызылордада 5 қаңтардан бастап тәртіпсіздікке қатысты делінген 971 адам полиция органдарына жеткізілген. Әкімшілік істер бойынша 414 адамға шара қолданылып, 64 қылмыстық іс бойынша 112 адамға түрлі бұлтартпау шаралары қолданылған. Осы оқиғалар кезінде қалада кемінде 25 адам қаза тапқан. Оның біреуі - әскери борышын өтеп жүрген сарбаз.
Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 227 адам қаза болды. Қоғам талабына қарамастан билік қаза болғандардың тізімін жарияламады. Бұған дейін қаңтар оқиғасы бойынша ұсталғандарды азаптау, қысым көрсету бойынша ақпарат көп шыққан. Билік оларды мұқият тексеруге уәде бергенмен әлі күнге дейін азаптау бойынша қанша полицейдің ұсталғанын айтпай отыр. Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтанды қаңтар қырғынын жан-жақты, ашық зерттеуге шақырған.