18 ақпан күні кешкі сағат 5 шамасында Нұр-Сұлтандағы құрылыс алаңдарының бірінде мұнаралы кран құлап, мұнара үстінде болған краншы опат болды. Осы жайтқа байланысты алаңдаған 30 шақты құрылысшы оқиға орнына жиналды. Азаттық Facebook желісінде осы жиыннан тікелей хабар таратты.
Жиналғандардың айтуынша, оқиға Тұран даңғылының бойындағы "Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінде" салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үй аумағында болған. Кранның құлауына не себеп болғаны белгісіз. Бірақ жұмысшылар қызметкердің қазасы жасырын қала ма деп қорқып, оқиға орнына жиналған. Олар оқиғаны жан-жақты тергеуді талап етеді. "Жабулы қазан жабулы күйінде қала ма деп күдіктенеміз" деді жиналғандардың бірі.
Құрылыс дуалындағы нысанның паспортына сенсек, құрылысқа тапсырыс беруші – KING DEVELOPMENT жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, бас мердігер – WINBUILD ЖШС. Азаттық тілшісі хабар таратқан кезде оқиға орнында құрылыс компаниясының өкілі болған жоқ.
Астанадағы краншылар осыған дейін қауіпсіздік талаптарының сақталмайтынын айтып бірнеше рет наразылыққа шыққан. Олар жұмыс ауыр, жалақы аз, ал қауіпсіздік талаптары жиі бұзылады деген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қауіпті жұмыс, ескі техника, мардымсыз жалақы. Краншылар неге наразы?Оқиға орнына келген краншы Жұмабек Елдаров кран "жерден ауыр зат көтергеннен" құлаған болуы мүмкін дейді:
- Техниканың көбі ескірген. Қауіпсіздік мәселесін талай мәрте айттық. Өзгерген ештеңе жоқ, - деді ол.
Краншылардың белсенді өкілі Сәуле Сейдахметованың айтуынша, құрылысшылар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа дейін хат жазып, басқа проблемалармен қоса, құрылыс кранының қауіпсіздігі мәселесін көтерген, бірақ еш қозғалыс болмаған. Оның айтуынша, бизнес нысандарын тексеруге мораторий жарияланған деген себеппен құрылыс кранымен жұмыс істейтін компанияларға тексеру жүргізілмеген.
- Қаражат жағына мораторий бола берсін. Бірақ заңның, қауіпсіздік ережелерінің сақталуын тексеруге мораторий дегенді түсінбейміз. Сол мораторий еңбектегі қауіпсіздік мекемелерінің, төтенше жағдай министрлігінің жұмысына кедергі жасап отыр, - деді Сәуле Сейдахметова.
Жиналған жұрттың айтуынша, опат болған Бақтияр деген азамат тәжірибелі краншы болған.
Азаттық әзірге құзырлы органдардан және құрылыс компаниясы өкілдерінен комментарий ала алған жоқ.
Your browser doesn’t support HTML5