Бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов қамауға алынды. Бұл ақпарат Қазақстан Бас прокуратурасының сайтында жарияланды.
Бас прокуратура мәліметіне қарағанда, Мұрат Бектанов биыл Қаңтар оқиғасы кезіндегі әрекетсіздігі үшін (Қылмыстық кодекстің 452-бабы) айыпталып, Нұр-Сұлтан қаласындағы уақытша абақтыға қамалған.
Мұрат Бектанов 2021 жылы тамызда Жамбылдағы әскери қоймадағы жарылыстан кейін Қорғаныс министрі болып тағайындалған еді.
2022 жылы 19 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оны "қаңтар оқиғалары кезінде командирлік қабілетін көрсете алмады" деп кінәлап, қызметінен босатқан.
Қазақстан президенті "Қаңтар оқиғасы кезінде Қарулы күштер өзіне сенімсіз әрі қабілетсіз басшылық салдарынан жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқара алмады. Министр Бектанов командирлік қабілетін көрсете алмады. Әскери жаттығулар кезінде оң нәтиже көрсеткен армиямыз бола тұра, сын сағатта әлеуетін пайдалана алмадық. Сырттан көмек шақыруға мәжбүр болдық" деген еді.
Наразылық күндері Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскері келген. Қазақстан билігі "бұл күш стратегиялық нысандарды күзетеді" деп мәлімдеген.
2022 жылдың басында газ бағасын 50 теңгеден асырмау туралы талаппен ереуілге шыққан Жаңаөзен тұрғындарын қолдау үшін Қазақстанның көптеген аймағында басталған акциялар біртіндеп саяси талап қойған наразылыққа ұласқан. Ресми мәлімет бойынша, 227 адам осы оқиғада қаза болған.
Қаңтардың 6-сына, наразылық күшейген тұста Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовті "мемлекетке опасыздық жасады" деген айыппен қамаған. Бір аптадан соң оған "билікті күшпен басып алмақ болды" деген тағы бір айып қосқан. Кәрім Мәсімовтен кейін оның үш орынбасары да қамалған болатын.
2019 жылы маусымда Қазақстан президенті болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев күш құрылымдардың басшыларын бұрынғы президент, қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың келісімімен тағайындап келген.
Биыл Қаңтар көтерілісі кезінде Тоқаев "қауіпсіздік кеңесінің төрағасы" қызметін өзіне алатынын мәлімдеген. Көп ұзамай Назарбаевтың қазіргі саяси және кадрлық шешімдерге ықпал ете алатын өкілеттерін заңнан алып тастаған.