Ерлан Тұрғымбаев қызметінен кетті. Марат Ахметжанов ішкі істер министрі болып тағайындалды

Ерлан Тұрғымбаев.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қызметінен кетті. Оның орнына бұған дейін Сыбайлас жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігін басқарып келген Марат Ахметжанов тағайындалды. Ол агенттік жетекшісі қызметінен босатылды. Арнайы жарлықтар Ақорда сайтында жарияланды. Жарлыққа сәйкес, Ерлан Тұрғымбаев президент кеңесшісі болып тағайындалған.

Бұған дейін ішкі істер министрлігі Тұрғымбаевтың отставкаға кеткенін жоққа шығарған еді.

Қаңтар оқиғасынан соң кісі өлімі, абақтыдағы азаптауларға байланысты Қазақстанда ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың отставкаға кетуін талап еткен петицияға мыңдаған адам қол қойған. Кейбір тұрғындар оны қызметтен алу жеткіліксіз, жауапқа тарту қажеттігін алға тартқан.

Қазақстанда қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін ұсталғандардың полицияда азапталуы жайлы көп ақпарат шықты. Ұсталғандардың туыстарының айтуынша, "айыпты мойындату үшін" күштік құрылымдар ұсталғандарды ұрып-соққан, денелеріне үтік басқан, электрошокер соқтырған. "Кемпірауызбен тісін жұлмақ болды, тырнақтарына ине сұқты" деп шағымданған азаматтар да бар. Министрлік азаптауларды жоққа шығарған.

Кейін билік азаптау фактілерін мойындап, қылмыстық істер қозғады. Бірақ әлі күнге дейін қанша полицейдің күдікті танылғаны белгісіз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Халық полициядан қорған емес, қауіп көреді". Полиция қызметін реформалау неге баяу жүріп жатыр?

Тұрғымбаев ішкі істер министр болып тұрған кезде полиция бейбіт митингіге шыққан бесенділердің шеруін тоқтату үшін "кеттлинг" әдісін жиі қолданды. Құқық қорғаушылар арнайы жасақтың бейбіт наразыларды аязда ұзақ уақыт ас-сусыз ұстағанын айыптап, оны азаптауға теңеген. Министрдің өзі белсенділерге кеттлинг әдісін қолданған полицейлердің әрекетін "азаптау" деп есептемейтінін айтқан.

Кейбір сарапшылар елде полиция реформасының дұрыс жүргізілмегенін сынаған.

58 жастағы Марат Ахметжанов Сыбайлас жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігін 2021 жылдың сәуірінен бері басқарған. Оған дейін 2016-2021 жылдар аралығында бас прокурордың орынбары болған.

Жұма күні Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің жетекшісі болып Олжас Бектеновтің тағайындалғаны белгілі болды. 2016 жылдан бері ол осы агенттік төрағасының бірінші орынбасары болған.