Қазақстанның Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі Дархан Қалетаев Азаттық тілшісіне қазақстандықтарды эвакуациялау жолдары туралы айтты. Оның сөзіне қарағанда, Украинаның әуе кеңістігі жабық, сондықтан елшілік басқа жолды қарастырып жатыр.
- Әуежай іздеп жатырмыз. Қай жерге Air Astana'ның ұшағы қонатын мүмкіндік барын анықтау керек. Беларусьпен шекара жабық. Молдоваға автокөлік жолы Одесса арқылы баратындықтан қауіпті. Ол жерлерде соғыс болып жатыр. Ең қауіпсізі Львов қаласы, азаматтарға сол жаққа баруды ұсынып жатырмыз. Ары қарай Польша не Венгрияға шығаруға тырысамыз. Азаматтардың Еуропа елдеріне визасы жоқ, сондықтан қай мемлекет бізге жасыл коридор бере алатынына байланысты. Әзірге жоспар осындай, – деді елші.
Елшінің сөзінше, Киев көшелерінде кептеліс, тұрғындарда дүрлігу бар. Соған қарамастан елшілік жұмыс істеп тұр. Қазір елшілік ғимаратында Қазақстанның 30 шақты азаматы бар. Украинадағы Қазақстан елшілігінің мәліметінше, 2 мыңдай азамат консулдық тіркеуде тұр.
24 ақпанда таңертең Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Украинадағы қазақстандықтарды эвакуациялау амалдарын қарастырып жатқанын хабарлаған.
Бейсенбі күні күндіз Киев облысында тұратын қазақстандық оппозиция белсендісі Владимир Козлов Азаттыққа елшіліктен эвакуация жайлы хабар түсті, бірақ уақыты мен орнын нақтыламады деп айтқан.
24 ақпанда Ресей басшысы Владимир Путин Донбаста "әскери операция" бастайтынын хабарлап, артынша Украинаның түрлі аймағында жарылыстар болғаны белгілі болды. Украина ішкі істер министрлігі 17 облыста жарылыс пен әуеден соққы жасалғанын хабарлады. Елде әскери жағдай жарияланды.
НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Ресейдің Украинаға қатысты әрекетін айыптады. Украина басшысы Владимир Зеленский халыққа үндеу жасап, үрейленбеуге шақырды. Елде әскери жағдай жарияланды. БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Мәскеуді "адамзат үшін әскерін Украинадан әкетуге" үндеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украинадағы соғыс. 24-28 ақпан арасында не болды?