26 ақпанға қараған түні Алматы соты "Демократиялық партия" құрғысы келетін бастама топ жетекшісі Жанболат Мамай мен белсенді Дәурен Достиярды әкімшілік қамауға жіберді. Бұл жөнінде Жанболат Мамайдың әйелі, белсенді Инга Иманбай хабарлады.
"Жанболат Мамайды 13 ақпан күні Қаңтар құрбандарына арналған қаралы митинг үшін 15 тәулікке қамады. Дәурен Достияр 5 тәулікке қамалды" деп жазды Инга Иманбай Facebook парақшасында.
Ақпаратқа қарағанда, Жанболат Мамайға – "бейбіт жиын тәртібін бұзу", (488-бап, 7-бөлім), ал Дәурен Достияровқа "полицияның заңды талабына бағынбау" бабы бойынша айып тағылған. Әкімшілік істер 13 ақпан күні Алматыда өткен митингімен байланысты.
Жұма күні сәл ертерек Инга Иманбай өзі, күйеуі және Дәурен Достияров отырған көлікті полицияның тоқтатып, өздерін күшпен полиция бөлімшесіне алып кеткенін хабарлаған еді. Инга Иманбайдың жазуынша, полиция арнайы техника шақырып, оларды көліктерімен сүйреп, бөлімшеге жеткізген. Артынша сот болған.
Белсенділер 26 ақпанда таңертең Алматы қалалық полиция департаментіне қамалған екі белсендіні қолдау үшін жиналатынын хабарлады.
13 ақпанда Алматының Республика алаңында жүздеген адам қатысқан Қаңтар құрбандарын еске алу шарасы өткен. Оған елдегі түрлі саяси күштер, белсенділер, қала тұрғындары қатысты. Жиналғандар Қаңтар оқиғасын тәуелсіз зерттеуді, ұсталғандарды азаптауды тоқтатуды талап еткен. Кейбір адамдар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа импичмент жариялау туралы да ұсыныс айтқан.