Бүгін Беларусте жаңа конституция қабылдау жөнінде референдум өтіп жатыр. Конституцияның бұл нұсқасын 2020 жылы президент сайлауынан кейін жаппай қарсылық пайда болып, күшпен басылған соң Александр Лукашенко жасаған.
Конституцияға жаңа өзгерістер енгізілгеннен кейін бұл елді 1994 жылдан бері басқарып келе жатқан Александр Лукашенко 2035 жылға дейін тағы да билікте қала алады.
Лукашенко тағайындаған адамдардан ғана құралатын Жалпыбеларусь халықтық жиынының өкілетін кеңейте түседі.
Жаңа конституция бойынша кейінгі 20 жылда шетелде тұрған Беларусь азаматтары президент сайлауына түсе алмайды. Бұл өзгеріс көп жылдан шетелде тұратын Беларусь оппозиционерлеріне бағытталған.
Ресми мәліметке қарағанда электораттың тең жарысы түске дейін келіп дауыс берген. Бұл елдегі сайлаулар заң бұзумен өтеді деп есептейтін тәуелсіз бақылаушылар референдум да солай болады деп санайды.
Референдум күні Украина президенті Владимир Зеленский Беларусь халқына орыс тілінде үндеу жасап, белорус жерінен Украинаға Ресей әскері оқ атып жатқанын айтты. Ол белорустарды бұл жайтқа үнсіз қалмауға шақырып, "Беларусь болыңыздар, Ресей емес" деді.
Зеленский Ресеймен келіссөзге дайын екенін, бірақ келіссөз агрессияға қатысып отырған Беларустан өзге жерде өтуге тиістігін мәлімдеді.
Лукашенко Зеленскийдің үндеуіне тез жауап беріп, белорустарға емес, украиндарға үндеу жасау жөнінде кеңес берді.
"Беларусь жерінен ешкім соғыс ашып жатқан жоқ", – деген ол Украина Беларусты өз азаматтарын қорғауға арналған арнаулы операцияға итермелегісі келеді дегенді меңзеді. Лукашенко белорус жерінен Украинаға қарата "екі-үш зымыран атылғанын" мойындады.
Лукашенко Беларусь Ресейдің жаралы жауынгерлерін емдеуге көмектесіп жатқанын айтты. Бұған дейін Азаттық радиосының Беларусь қызметі Ресей солдаттарының Гомелдегі госпитальге түскенін хабарлаған. Ресей қорғаныс министрлігі жараланғандар мен өлгендер туралы ақпарат жарияламаған.
Бұған дейін Ресейдің 30 мыңға жуық әскери қызметкері жаттығу деген желеумен Беларусь жеріне келген еді. Оның бір бөлігі Ресейдің Украинаға шабуылына қатысып жатыр.