Қазақстан ұлттық банкі Қазақстан қор биржасымен (KASE) бірге теңге-доллар саудасының регламентін өзгерту жөнінде шешім қабылдағанын мәлімдеді.
28 ақпанда биржа саудасы түстен кейін Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 15-те франкфурт аукционы форматында өтеді.
"Ел ішіндегі қаржы нарығының тұрақтылығына сыртқы геосаяси факторлардың қысымын мейлінше бәсеңдету үшін қолға алынып отырған уақытша шара", - дейді Ұлттық банк баспасөз-релизінде.
"Өте құбылмалы сәттегі" бұл шарадан өзге Ұлттық банк Қазақстанның қор биржасымен бірге 28 ақпанда Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 15-ке дейін биржадағы валюта саудасын толығымен тоқтату туралы мәселе қарастыруды жоспарлап отыр.
27 ақпан күні кешке Ұлттық банк таяу күндері Ресей рублінің қатты құбылатынын, оның теңгеге әсерін бәсеңдету үшін валюта нарығына интервенция жасауға дайын екенін айтқан.
"Ұлттық банк қажет болған жағдайда валюта интерневенциясын жасайды. Оның ауқымы мен жиілігі ішкі валюта нарығындағы жағдайға байланысты",- дейді Ұлттық банк.
Ұлттық банк мәлімдемесіне қарағанда, "теңгенің икемді бағамы алтын валюта активтерін сақтап қалуға мүмкіндік береді".
Ұлттық банк бұл шараларды Батыстың Ресейге салған санкциясының салдарымен байланыстырады. Банктің баспасөз-релизінде Ресейдің кейбір банктерінің SWIFT жүйесінен ажыратылатыны, Ресей Орталық банкіне шектеулер салынғаны, S&P Global Ratings рейтинг агенттігінің мәліметі бойынша Ресейдің ұзақ мерзімді рейтингі төмендегені жайлы айтылады.
Өткен аптаның бірнеше күнінде Қазақстан Ұлттық банкі теңге бағамын ұстап тұру үшін 137 миллион доллар жұмсаған. 28 ақпанда таңертең Kurs.kz сайтының мәліметінше, Алматыда доллар құны 476-478 теңге аралығында болған. 28 ақпанда түске дейін Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында және Қазақстанның өзге де ірі қалаларындағы айырбас пункттері доллар, еуро мен рубль сатып алу мен сатуды тоқтатқан еді.