Алматыға Украинадан қазақстандықтардың алғашқы тобы жеткізілді

Соғыс болып жатқан Украинадан Польша арқылы шыққан Қазақстан азаматтарының алғашқы тобы Алматыға жетті. 28 ақпан 2022 жыл.

Украинадан Польша арқылы эвакуацияланған Қазақстанның 175 азаматы мінген ұшақ 28 ақпанда Алматы әуежайына қонды. Олар әуелі Киевтен Львовқа автокөлікпен жетіп, Польшамен шекарада ондаған сағат кезек күтіп тұруға мәжбүр болды.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі ақпанның аяғында Украинада 1,6 мыңға жуық қазақстандық болғанын айтады. 28 ақпандағы мәлімет бойынша, Қазақстанның Украинадағы елшілігіне хабарласқан 528 адам елге жете алмай отырғанын айтып, жәрдем сұраған.

Олардың алғашқы тобын Польшаның Катовице қаласынан алып ұшқан арнайы ұшақ 28 ақпанда жол-жөнекей Атырау қаласына тоқтап, сол күні түнде Алматы әуежайына қонды. Қазақстандықтарды елге Air Astana әуе компаниясының ұшағы аман-есен жеткізді.

Алматы әуежайына оларды қарсы алуға Азаттық тілшісі де барды.

Украинадан эвакуацияланған Қазақстан азаматтарының алғашқы тобы Алматы әуежайына 28 ақпанда түнде қонды.

28 ақпан, түнгі уақыт. Алматы әуежайы терминалына журналистер көп жиналған. Ұшақ күтіп тұрған адамдар әлсін-әлсін әуежайдағы электрон таблоға қарап қояды. Украинадан эвакуацияланған қазақстандықтардың алғашқы тобы – 175 адам мінген ұшақ көп кешікпей Алматы әуежайына қонуы тиіс.

Жарты сағаттан соң олар күткен ұшақ та қонды. Жолаушылар жүгін алып болғанша, микрофон мен камера ұстаған қырық шақты журналист шығар есіктің көзінде оларды тағатсыздана күтіп тұрды.

Украинадан Польша арқылы эвакуацияланған қазақстандықтардың алғашқы тобын Алматы әуежайында қарсы алу. 28 ақпан 2022 жыл.

Your browser doesn’t support HTML5

Украинадан Польша арқылы шыққан қазақстандықтар елге жетті

Тілшілер тіпті әуежайда өздерімен бірге Польшадан келетін арнайы ұшақпен жеткізілген туыстарын тосып тұрған адамдарды да, басқа жақтан ұшып келген жолаушы мен қарсы алушының арасын көк лентамен бөліп қойған жерден сәл ығыстырып, алдыға қарай ұмсынып тұр.

Қарсы алуға келгендердің кейбірі Украина мемлекеттік туының түсіне ұқсас көк және сары түсті шар ұстап алған, бірақ мұның саяси астары жоқ сияқты. Гүл ұстап, смартфон камерасын қосып, ыңғайлап тұрған адамдар соғыс болып жатқан Украинадан ұшақпен жеткізілген қазақстандықтардың алғашқы тобы туыс-таныстарымен қауышқан қуанышты һәм тарихи сәтті түсіріп алуға дайын тұр.

Украинадан эвакуацияланған қазақстандықтарды қарсы алуға келген туыстары Алматы әуежайында тұр. 28 ақпан 2022 жыл.

– Біз қызымызды қарсы алуға келдік, – деп түсіндірді у-шудан шеткері жерде жұбайымен бірге тұрған орта бойлы әйел. – Ол әуелі Киевтен Львовқа, одан ары Польшаға баруға мәжбүр болды. 66 сағат жолда болған. Әйтеуір, үйге аман-есен жетті-ау, құдайға тәуба.

Міне, терминал есігі ашылып, жұрт күткен жолаушылар біртіндеп шыға бастады. Алдымен шыққан ер адам есік аузында қаумалап тұрған ондаған журналист пен камераны көре сала, жалма-жан бетін курткасымен көлегейлеп алып, көпшіліктің арасымен қысылып-қымтырылып әуежайдан жылдам шығып кетуге асықты. Оған қойған сұрағына ешқандай жауап ала алмаған журналистер өзге жолаушыларды жібермеуге тырысты.

Украинадан эвакуацияланған 174 қазақстандықтың арасынан әуежайдағы күту залына бірінші болып шыққан бұл адам есік аузында камера мен микрофон ұстап тұрған ондаған журналисті көре сала курткасымен бетін көлегейлеп алып, тезірек шығып кетуге асықты. Алматы әуежайы, 28 ақпан 2022 жыл.

Қазақстандық Шоқан Мұстафин Украинаға 23 ақпанда барыпты. Сөзіне қарағанда, қонаққа барған. Ал ертесіне Ресей Украинаға тұтқиылдан соғыс бастап, Шоқан басқа адамдармен бірге қонақ үйдің жер астындағы бөлігіне тығылуға мәжбүр болыпты.

Шоқан Мұстафин. Алматы, 28 ақпан 2022 жыл.

– Бомбалай бастағанда біз жер астында отырдық, жарылыс онша естілген жоқ. Ал Львовқа бара жатқанда алыстан жарылыстар естілді, – дейді Шоқан. – Львовтан Польшаға, Катовице қаласына аттандық, сосын осында ұшып келдік. Қазақстанның Украинадағы елшілігіне көп рахмет, жақсы жұмыс істеді. Украинада да адамдар біз Львовқа жеткенше көмектесіп, тамақ берді. Ешқашан басымнан мұндай жағдай өтпеген, тіпті немен салыстырарымды да білмеймін. Бірақ үйге оралғаныма қуаныштымын.

Қауышу. Алматыға Украинадан Польша эвакуцаияланған қазақстандықтарды әуежайда туған-туысы мен БАҚ өкілдері қарсы алды. 28 ақпан 2022 жыл.

Ұшақтан түскен жолаушылар толассыз шығып жатты. Бірақ ешбірі журналистермен әңгімелесуге құлық танытпады, бет-жүзін қолымен жауып, әуежайдан тезірек шығып кетуге асықты. Тіпті бетперде тағып, басына күләпараны баса киіп алса да, олардың әуре-сарсаңы көп ұзақ жолдан қатты қажығаны аңғарылады.

– Мені қинамай-ақ қойыңызшы, Қазақстанға қанша күн жүріп, әрең жеттік, әбден шаршап, құр сүлдерім қалды, – деп өтініш айтты иығына үлкен сөмке асып алған қыз өзіне сұхбат беру жайлы қолқа салған журналиске.

Біраздан бері алынбаған сақалының түгі бетін басып, шаршағаннан көзі шүңірейіп кеткен келесі бір жолаушы:

– Шынымды айтсам, аман-есен оралам деп ойлаған жоқпын, сондықтан Алматыға жеткеніме әзер сеніп тұрмын, бірақ қуаныштымын. Эвакуация сәтті өтті, жұмысты жақсы атқарды, – деді.

Air Astana әуе компаниясы президенті Питер Фостер мен зайыбы Алматы әуежайында. 28 ақпан 2022 жыл.

Жолаушылардың ең соңынан Air Astana әуе компаниясының президенті Питер Фостер шықты. Ол соғыс болып жатқан Украинадан эвакуцияланған Қазақстан азаматтарының алғашқы тобы елге қалай жеткізілгенін журналистерге айтып берді.

– Украинағы сәрсенбіде (23 ақпан – ред.) түн ортасында ұшып бардық. Шамамен бес сағаттан кейін бомбалау басталды. Біз елшілікке тарттық, осындай төтенше жағдай болып жатқан кезде елші Дархан Қалетаевпен кездестік, – деді Фостер. – Елшімен, Украина мен Қазақстандағы әріптестерімізбен бірге бірнеше сағат бойы эвакуация жоспарын талқыладық. Өздеріңіз де біліп отырған боларсыздар, жағдай өте қиын болды, бәріміздің көңіліміз алаң, әскери іс-қимыл қалай өрбігенін көзбен көрдік. Бұл уақытта жолаушылардың көбі елшілікке жиналған еді, сосын Киевтен Львовқа аттандық. Бұл өте ұзақ сапар болды, өйткені бізге сапарымыз қауіпсіз болуы үшін жолды мұқият таңдауымызға тура келді. 18 сағаттан соң Львовтағы бас консулдық ғимаратына жеттік. Соңғы жүз километрді жеті сағат жүріп бардық, осыдан-ақ сапарымыздың қаншалықты қиын болғанын түсінуге болады. Ертемен шекараға жетіп, елден кетуге асыққан адамдар тұрған ұзын-сонар кезекке біз де тұрдық. Шекараға дейінгі 19 километрді 12 сағатқа жуық жүріп өттік. Кешке қарай Польша аумағына кірдік. Шекарада өте ауыр жағдай қалыптасқан: елден кеткісі келген сан мыңдаған адам жиналған. Өмірімде мұндайды көрген жоқпын, енді ондайды көрмеспін деп үміттенем.

Air Astana әуе компаниясы президенті Питер Фостер Алматы әуежайында журналистермен әңгімелесіп тұр. 28 ақпан 2022 жыл.

Ресей әскері Украинаға 24 ақпанда басып кірді. Содан екі күн бұрын Ресей президенті Владимир Путин Украинаның оңтүстік-шығысындағы ресейшіл сепаратистердің "Луганск халық республикасы" ("ЛХР") мен "Донецк халық республикасы" (ДХР) деп аталатын құрылымдарының "тәуелсіздігін" ресми түрде мойындаған. Путин "ЛХР" мен "ДХР" өтініші бойынша Ресейдің Донбаста "арнайы әскери операция" жүргізетінін мәлімдеген. Путин Мәскеу Ресейге кірмейді, тек әскери инфрақұрылымдарына әуеден шабуыл жасайды деп айтқанымен, Ресей армиясы бейбіт адамдар тұратын аудандар мен азаматтық нысандарды да атқылады.

Украинада соғыс жалғасып жатыр. Ресей басқыншылық соғыс бастасымен Батыс елдері Ресейге санкциялар салды. Еуропа елдері Ресей ұшақтарына әуе кеңістігін жапты. Путин Батыс санкцияларын заңсыз деп атады. Соғыстың төртінші күні, 27 ақпанда ол Ресей ядролық қаруын арнайы тәртіпке көшіруді бұйырды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украинадағы соғыс. 24-28 ақпан арасында не болды?