Ресей қорғаныс министрлігі Украинаның кемінде екі қаласында: Мариуполь және Волновахада бейбіт тұрғындар гуманитарлық дәліз арқылы қаладан шығу үшін атысты ішінара тоқтату туралы бұйрық шығарды. Бұл жөнінде Ресей мемлекеттік ақпарат құралдары жазды.
Ақпаратқа қарағанда, гуманитарлық өткел мен шығу жолдары Украина тарабымен үйлестірілген.
Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, атыс бойынша үзіліс 5 наурыз Мәскеу уақытымен таңертеңгі сағат 10, Киев уақыты бойынша таңертеңгі 7-де басталады.
Елдің оңтүстігіндегі аталған екі қалада Ресей әскері қаруын қойды ма, жоқ па, ол жағын Азаттық растай алмады.
Ресей президенті Владимир Путин 24 ақпанда Украинаға әскерін кіргізіп, түрлі нысандарды атқылай бастаған. Содан бері мыңдаған адам опат болды, 1,2 млн адам өзге елдерге босып кетті. Қаза болғандар арасында бейбіт тұрғындар бар.
Ресей ақпарат құралдарының жазуынша, қорғаныс министрлігі 5 наурызда Ресей әскерінің шабуылы жалғасып жатқанын хабарлаған.
Мариуполь Азов теңізі жағалауында орналасқан 400 мың адам тұратын стратегиялық маңызы бар қала. Мұнда бірнеше күннен бері ауыз су мен жылу жүйесі жоқ.
Мариуполь мэрі Вадим Бойченко Телеграм арнасында атысты уақытша тоқтату "жылу, жарық, мобильді байланыс сияқты қаланың ең маңызды инфрақұрылымдарын қайта жөндеуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, Мариупольді азық-түлік және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жол ашады" деді.
Украина мен халықаралық ұйымдардың Ресейді әскери қылмыс жасады деп айыптауы және бейбіт тұрғындарға шабуылы жайлы ақпараттар кейінгі күндері үдеген. Себебі Украинада тұрғын үйлер мен азаматтық нысандардың қирағаны жөнінде суреттер көп. Ал жергілікті билік жарық пен суды өшіретінін ескерткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украинадағы соғыс. 1-8 наурыз арасында не болды?