Украина қорғаныс министрлігіне қарасты бас барлау басқармасы 5 наурызда кешке тапсырманы орындау барысында Денис Киреев есімді бір азаматтың қаза болғанын хабарлады. Ол 28 ақпанда Ресеймен бейбіт келіссөздің алғашқы раундына қатысқан, бірақ оның аты-жөні қатысушылар тізіміне енгізілмеген.
Осыған дейін Украинаның бірнеше ақпарат құралы дереккөзге сүйене отырып, Киреевтің Киевте Украина қауіпсіздік қызметі ұстамақ болған кезде өлтірілгенін хабарлаған.
"Ол агент болатын. Агенттерді не үшін өлтіретінін білетін боларсыздар" деп "Украинская правда" газеті дереккөздің сөзін келтіреді.
45 жастағы Киреев ірі украиналық банктердің бірінде істеген. 13 ақпанда украиналық "5 арна" зерттеуінде оны ФСБ-ның (Ресей арнайы қызметі) жедел уәкілі деп атаған. Зерттеуге сәйкес, ол ай сайын Ресейге барып, кураторымен сөйлесіп тұрған. Фильмге қарамастан бұрынғы банкир Мәскеумен келіссөзге жіберілген.
Оның келіссөзде қандай міндет атқарғаны белгісіз. Ресейдің мемлекеттік ТАСС агенттігі суретте оны "кәсіпкер" ретінде көрсеткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украинадағы соғыс. 1-8 наурыз арасында не болды?