Украина президенті Владимир Зеленский мен АҚШ президенті Джо Байден телефон арқылы сөйлесті. Олар қауіпсіздік және Киевке қаржылай көмек көрсету, одан бөлек, Ресейге қосымша санкция салу мәселесін талқылады.
Ақ үй хабарламасында АҚШ президенті Visa және Mastercard төлем жүйелерінің Ресей банктерімен жұмыс істеуден бас тартқанын жылы қабылдағаны жазылған. Байденнің айтуынша, Ақ үй Украинаға гуманитарлық және экономикалық көмек көрсетуін жалғастырады. Қосымша қаржыландыру үшін Конгреспен тығыз жұмыс істейді.
Екі ел басшысы сонымен бірге Ресей мен Украина арасындағы жуырда өткен келіссөзді талқылаған. Мәскеу мен Киев келіссөздің үшінші раунды жақын күндері болатынын растады.
Халықаралық валюта қоры алдағы аптада Украинаға шамамен 1,5 млрд доллар бөлу мәселесін қарайтынын мәлімдеген және соғыс ғаламдық экономикаға едәуір кері әсер етеді деп ескерткен.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Украинаны қолдап, видео таратты. Видеомәлімдемесінде ол соғыс жайлы жалған ақпараттарға да қарсы шықты. "Ресей азаматтары өздерінің атынан не жасап жатқанын білуі тиіс" деді мемлекеттік хатшы.
Мемлекеттік хатшының екінші видеосында Украинаны қолдау акциялары көрсетілген.
6 наурызда Ресейдің барлық қалаларында соғысқа қарсы акциялар өтті. Жүздеген адамның ұсталғаны хабарланды. Көп белсендінің үйлері мен кеңселеріне тінту жүргізілген.
"ОВД-Инфо" мәліметінше, 24 ақпаннан бері Ресейде Украинадағы соғысқа қарсы акциялар кезінде 8 мыңнан астам адам ұсталған.
Ресей әскері президент Владимир Путиннің бұйрығымен Украинаға 24 ақпанда басып кірген. Путин НАТО Украинаны Ресейге қарсы шепке айналдырғысы келеді деп мәлімдеген. Украина мен НАТО мұны жоққа шығарады.
АҚШ пен Батыс елдері Мәскеуге қатаң санкция салды. Көп ірі корпорация мен танымал брендтер Ресейден кетіп жатыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Кремльде Путин отырғанда жалғаса беретін құбылыс"