Ресейдің Украинаға шабуылы басталғалы 10 күн ішінде бір жарым миллион адам босып кетті. Бұл туралы БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары мәлімдеді. Филиппо Грандидің сөзінше, бұл "Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропада алғаш болып отырған миграциялық дағдарыс".
Украина Жоғарғы радасының адам құқығы жөніндегі өкілетті өкілі Людмила Денисова өзін "ЛХР" деп жариялаған сепаратистік құрылым "Ресей шабуылынан кейін бақылауына алған елдімекен халқынан Украина паспортын күшпен тартып алып жатыр" деп хабарлады. Денисованың сөзіне қарағанда, "ЛХР "оларға Ресей паспортын алуға мәжбүрлегісі келеді. Бұл ақпаратты растайтын өзге мәліметтер әзірге жоқ.
Мариуполь қалалық кеңесі гуманитарлық дәліз жұмысын жалғастырып, халықты Запарожьеге эвкауациялай бастағанын айтты. Эвакуация 5 наурызда тоқтап қалған. Оған Украина мен Ресей бірін бірі кінәлаған.
Владимир Путиннің бұйрығымен Ресей әскері 24ақпанда Украинаға басып кірген еді.
Халықаралық "Шекарасыз дәрігерлер" ұйымы жылу, су, электр қуаты ажырап қалған Мариупольдегі жағдайды "апат" деп бағалаған.