АҚШ барлау қызметінің өкілі: Путин Украина бойынша алған бағытынан қайтпауға бекінген тәрізді

Аврил Гейнс.

АҚШ ұлттық барлау қызметінің жетекшісі Аврил Гейнс санкциялар мен соғыстағы сәтсіздіктер Ресей басшысы Владимир Путинді Украина бойынша алған бағытынан тайдыра алмайтын тәрізді, тіпті жағдай одан әрі ушығуы мүмкін деп ескертті.

8 наурызда АҚШ өкілдер палатасында ғаламдық қауіпсіздік бойынша өткен тыңдауда Гейнс Украинадағы соғыстың шығыны (мыңдаған Ресей солдаты қаза болған деген дерек бар) көбейіп бара жатқанын алға тартып, бұл жайт Путинді алаңдатса да, ол жағдайды онан әрі ушықтырудан тайынбайтын тәрізді деді.

"Біздің сарапшылар Путинді мұндай сәтсіздіктер алаңдатпайды және тіпті жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін деп санайды" деді.

АҚШ-тың пікірінше, Мәскеу Украинаның шабуылға төтеп беру мүмкіндігін жете бағаламайды. Бірақ Путин көбірек ресурс бөліп, Украинаны тұтас жаулап алуға тырыса ма әлде "кейбір аймақтармен ғана шектеле ме" ол жағы белгісіз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украинадағы соғыс. 9-13 наурыз аралығында не болды?