Украина елшісі Өзбекстан билігінен ресейшіл телеарналарды жабуды сұрады

Өзбек журналисі Марина Козлова Украинаның Өзбекстандағы елшісі Микола Дорошенкомен бірге.

Украинаның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Микола Дорошенко сыртқы істер министрлігіне "Украинадағы соғыс жайында жалған ақпарат таратып жатқан телеарналарды жабу жөнінде" нота жолдады.

Бұл жөнінде елші тәуелсіз Yep.uz басылымына берген сұқбатында айтты.

Алайда Yep.uz басылымының негізін қалаған журналист Марина Козлованың сөзінше, 4 наурыз күні Ақпарат және байланыс агенттігі сұқбатты "24 сағаттың ішінде" өшіруді бұйырған.

Хатта материалда "қатыгездікті насихаттайтын суреттер мен видеолар бар" делінген. "Украинадағы шындықты айтқаным үшін, өзбек билігі қорқытып жатыр!", – деп жазды Марина Козлова Facebook парақшасына.

Yep.uz басылымына берген сұқбатында Украина елшісі Микола Дорошенко еліндегі жағдай Өзбекстанда ашық көрсетіліп жатқан жоқ деп өкініш білдірген.

"Біз Өзбекстанның сыртқы істер министрлігіне Украина жайлы жалған ақпарат таратып отырған телеканалдарды жабу жөнінде нота жолдадық. Біз әрине елдің ішкі ісіне араласпаймыз, бірақ кейбір каналдар жалған ақпарат таратып отыр", - деген Микола Дорошенко.

Ол сонымен бірге Украина елшілігі Өзбекстандағы БАҚ-қа күнделікті еліндегі соңғы жаңалықтарға қатысты шынайы ақпарат таратып отырғанын айтты.

"Озодлик" журналист Марина Козловамен байланысқа шыққан еді.

– Мен Ташкентте туып өстім. Менің ұлтым – орыс. Мен бейбітшілік жолындамын. Украинада бейбіт тұрғындарды өлтіріп, аурухана, мектептерді жойып жатқан кезде, мен үнсіз қала алмаймын. 21 ғасырда украин халқы әскери агрессияның құрбаны болып отыр, - деді Марина Козлова.

Ресейдің Украинаға басып кіргеніне екі аптаға жуықтады. Осы уақыт аралығында мыңдаған адамның қаза болғаны хабарланды. БҰҰ 24 ақпаннан бері 2 млн адамның Украинадан босып кеткенін хабарлады.