Ресейдің дәрі-дәрмек өндіретін шикізаты таусылып барады

Дәріхана. Көрнекі сурет.

Ресейдің дәрі-дәрмек жасайтын шикізат қоры 3-6 айда таусылуы мүмкін, бұдан соң зауыттар шикізатсыз қалады. Ресейде шығарылатын дәрі-дәрмектердің 85 пайызы шетелден импортталатын шикізат түрлерінен әзірленеді. Бұл жөнінде "Коммерсантъ" басылымы жазды.

Кейінгі он күнде елде импорттық субстанциялар 30-35 пайызға қымбаттаған. Бұрын тауар ақысын кейін төлеуге мүмкіндік берген көп тасымалдаушы қазір ақыны алдын ала талап ете бастаған. Валютаны реттеудің жаңа ережесіне байланысты Еуропада шикізатқа тапсырыс беру іс жүзінде мүмкін емес дейді басылым.

2021 жылы Ресей дәрі-дәрмекке қажет заттардың шамамен 20 пайызын Еуроодақтан тасымалдаған, енді оларды Үндістан және Қытайдан келетін шикізатпен алмастырады. Бір апта ішінде Еуропа елдері тасымалдауды тоқтатқан. Еуропа мен АҚШ-тан да препарат үлгілеріне тапсырыс берушілер қиындыққа ұшырады.

"Коммерсантъ" басылымының жазуынша, енді осының салдарынан елде дәрі-дәрмек тағы қымбаттайды. Газеттің мәліметінше, қазірдің өзінде дәріханаларда инсулиндер мен диабетті қадағалау және сауықтыру құралдары таусыла бастаған. Сапалы инсулин мен техника шетелде шығарылғандықтан сатып алушылар баға екі есеге шарықтайды деп болжап, дәрілерді жаппай сатып ала бастаған. Бұл да өз кезегінде дәрі тапшылығын туындатуы мүмкін.

Кейбір сарапшылардың айтуынша, Украинаға байланысты Ресейге салынған санкциялардың дәрі-дәрмек саласына тікелей әсері болмаса да, рубльдің әлсіреуі нарыққа кері ықпал етіп отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Санкциялар қысқан Ресейден Арменияға көшкендер көбейді