БҰҰ Жоғарғы комиссары Қаңтар оқиғасында ұсталғандарды азаптау фактісін сынға алды

 БҰҰ адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет

БҰҰ адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет "Қазақстан билігінің қаңтарда бейбіт митингіге шыққандарға және одан кейінгі қанды оқиғалар кезінде халыққа қарсы күш қолдануын" сынға алды.

"Кемі 9900 адам ұсталды. Қазақстанның адам құқығы бойынша халықаралық міндеттерін бұзып, ұсталғандарды азаптауды сынға аламын. Бұл жайттарды тәуелсіз әрі жіті тергеу үшін жасалып жатқан қадамдардан да хабарым бар" деді Бачелет 8 наурызда БҰҰ адам құқығы жөніндегі жиынында.

Ол Қазақстан билігі халықты митингіге шығуға не итермелегенін сараптап, жемқорлық пен теңсіздікті жоюға шақырды.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, жиынға қатысқан Қазақстанның тұрақты өкілі Ерлан Әлімбаев "Қаңтар оқиғасын жан-жақты әрі ашық тергеу жүргізу үшін атқарылып жатқан жұмыстар" жайлы ақпарат берген.

Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, бұл наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Ресми дерек бойынша, 227 адам қаза болды. Қаза тапқандар арасында күштік құрылымның 19 қызметкері бар. Билік опат болғандардың есімін жарияламады.

Бас прокуратураның есебінше, Қаңтар оқиғасы кезінде төрт мыңнан аса адам зардап шеккен.

Ақорда қаңтар қырғынына "террористерді" айыптағанымен, нақты дәлел ұсына алмады. Қаңтар оқиғасынан соң мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адам қамауға алынды. Қамалғандардың көбі түрмеде азаптау көргенін мәлімдеген. Билік ұсталғандарды азаптау фактісі болғанын мойындап, бірнеше қызметкердің үстінен іс қозғаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Үтік, таяқ, электрошокер. Қамау мекемесіндегі азаптау қайтсе тыйылады?"Тоқаев, кет!" Алматыда қаңтар құрбандарын еске алу жиынында президентке импичмент жариялау жайлы талап айтылдыҚантөгістен кейінгі бір ай. Жауабы жоқ сұрақтар"Ескертусіз атуды ақтауға болмайды". Қазақстандағы оқиғаға халықаралық құқық тұрғысынан қарау