Атырауда қаңтар оқиғасына байланысты қамалған 8 күдікті аштық жариялады. 9 наурызда УГ-157/1 мекемесінің алдына күдіктілердің туыстары жиналып, жақындарын көрсетуді талап етті. Оқиға орнына барған "Ақ Жайық" тілшісі мекеменің ішінде отырған ер адамдардың айқайлап, қара және қызыл түсті маталарды бұлғағанын жазды.
Адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросының Атырау облысы бойынша бөлімшесінің директоры міндетін атқарушы Дария Ұлжағалиеваның айтуынша, күдіктілер аштықты әлі жалғастырып жатыр. Ол 9 наурызда кешке тергеу изоляторына кіріп шыққан. Оның айтуынша, негізінен "Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" және "Билік өкіліне күш қолдану" баптары бойынша күдікке ілінген азаматтар өздерін үйқамаққа шығаруды талап етіп отыр. Бұған қоса, қаңтар айында ұстау кезінде "азапталған" күдіктілер өздерін қинаған полицейлерді жауапқа тартуды талап еткен.
– Кеше кешке кіріп шықтым. Жігіттердің барлығымен сөйлесіп шықтым. Бұған дейін тергеу изоляторынан төрт адамды жіберген екен. Қалғандары да үйқамаққа шыққысы келеді. Олар аштық жариялағаны туралы өтінішті түрме әкімшілігіне 9 наурызда берген. Денелерін қарап шықтым. Ешқандай жарақат жоқ. Олардың рұқсатымен кейбірін суретке түсіріп алдым. Себебі далада аналары жылап, еңіреп тұрды. Олар облыс прокурорымен кездесуді талап етті. Кездескенін-кездеспегенін білмеймін. Күдіктілер өздерін қинаған полиция қызметкерлерін жауапқа тартуды талап етіп отыр, – деді ол 10 наурызда таңертең Азаттық тілшісіне.
Оның айтуынша, 8 адамның біреуі құрғақ аштық жариялаған. Қалғаны су ішеді. Жалпы тергеу изоляторында қаңтар оқиғасы бойынша қамалғандар 20-дан асады.
– Кеше жағдайлары қалыпты болды. Түрме әкімшілігіне аштық жариялағандарға медициналық көмек көрсету қажеттігін айттым, – деді бюро бөлімшесінің басшысы.
Бейсенбі күні Азаттық тергеу изоляторына хабарласқан кезде мекеме басшысы Мейірбек Бақтығалиұлы бірнеше күдіктінің аштық жариялағанын растады. Қалған сұрақтарды Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті өкілдеріне қою қажеттігін айтты. Азаттық тілшісі департаменттен әзірге жауап ала алмады.
"Ақ Жайық" басылымының жазуынша, наразылар аштықты 6 наурызда жариялаған. Басылым ата-аналардың шағымдары мен прокуратура өкілдерінің оларға берген жауабынан видео жариялады.
Күдіктілердің бірінің анасы Әлия Махамбетованың айтуынша, ұлы мекемедегі антисанитария мен тамақтың сапасына шағымданған.
"Ұлым өздерін құр суға әзірленген арпамен тамақтандыратынын айтты. Азаптау туралы айтқан жоқ, мүмкін бізді, жақындарын алаңдатқысы келмеген болар. Бірақ бүгін оларды 13 қаңтарда түрмеге жеткізгеннен кейін резеңке таяқпен екі бұтының арасынан ұрғанын білдім. Жаны қысылғандықтан қазір айтып отыр. Тергеу изоляторы қызметкерлерінің қысымынан кейін олар тамырларын кесетінін айтып отыр. Әлеуметтік желіде де видео бар" деді Әлия Махамбетова.
Түрме алдына жиналған ата-аналардың алдына шыққан арнайы прокуратура өкілдері Әліби Мұстафин және Асылбек Мұқанов азаптау туралы ақпаратты тексеретінін айтқан.
"Антисанитария мен тамақтануға қатысты шағымды өзге әріптестерім тексереді, ал тергеу изоляторындағы азаптаулар жайлы шағымдар бүгінгі күнге дейін түскен жоқ болатын, қазір тексереміз" деді прокуратура өкілдері.
- Қазақстанда Қаңтар оқиғасынан соң мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адам "терроризм", "тәртіпсіздік", "қару ұрлау" және басқа да айыптармен қамауға алынған. Қамалғандардың көбі түрмеде азапталғандарын айтқан еді. Бас прокуратура наурыз басында қаңтар оқиғасынан кейін азаптау шағымдары бойынша қозғалған қылмыстық істер 200-ден асқанын, 9 қызметкер ұсталғанын хабарлаған.
- Құқық қорғаушылар Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасын халықаралық деңгейде тексеруге шақырған еді, бірақ Нұр-Сұлтан бұл ұсыныстан бас тартты.
- Құқық қорғаушылар азаптау жайлы шағымдардың сотқа сирек жететінін айтады.