11 наурыз күні Шымкенттің Қаратау аудандық соты қаңтар оқиғасына байланысты "Ұрлық" бабымен күдікке ілінген төрт адамның бас бостандығын 3 жылға шектеді.
Айыпталушылар Дастан Төребай, Құдайберген Рахым, Бекжан Жабақ және Әбдікәрім Жанболат сотта 6 қаңтарға қараған түні сауда үйінен шоколад, кеспе, алма, сусын сияқты заттарды ұрлағанын толық мойындады және шын өкінетінін жеткізді.
5 наурызда өткен жарыссөзде прокурор соттан айыпталушылардың бас бостандығын 3 жылға шектеуді сұраған. Соңғы сөзде айыпталушылардың бәрі бірдей “Метро” сауда үйіне ұрлыққа түскенін растап, жасаған ісіне шын өкінетінін айтты.
Төребай, Рахым және Жанболаттың адвокаты Заманбек Керім Азаттыққа сотталушылар апелляциялық шағым түсіруден бас тартқанын жеткізді. 4 айыпталушы сауда үйіне келтірген 202 мың теңге шығынды толық өтеген.
Айыпталушылар әуелі сот санкциясымен екі айға қамалған. Кейіннен кепілмен босатылған.
Сот істі 2 наурызда қарай бастаған. Үш сот отырысынан соң үкім оқылды.
Шымкентте 4 қаңтар күні наразылар бейбіт митингіге шықты. Куәлердің айтуынша, 6 қаңтарға қараған түні наразыларға оқ атылған. Осы түні наразылық өткен қала әкімдігі алдындағы алаңға жақын орналасқан "Метро" сауда үйі бүлініп, тоналды.
Қаңтар көтерілісіне байланысты 86 адамға қылмыстық іс қозғалып, екі айға қамау туралы сот қаулысы шыққан. Қазір олардың елуге жуығы қамауда, қалғаны бұлтартпау амалымен қамаудан босатылған.
Шымкентте ресми дерек бойынша қаңтар оқиғасы кезінде 19 адам қайтыс болды, жүзден аса адам жараланды.
Бас прокуратура наурыз айының басында қаңтар оқиғасы бойынша елде осыған дейін 62 адам сотталғанын айтқан. Бірақ сотталғандарға қандай жаза тағайындалғанын, қаншасы түрмеге қамалғанын айтпаған. Ресми мәлімет бойынша, 162 айыпталушының үстінен қозғалған 101 қылмыстық іс сотқа жіберілген. Бұл істердің басым бөлігі Алматыда қаралып жатыр.