Cotton Campaign өзбек мақтасына жариялаған бойкоттан бас тартты

Мақта жинау.

Сotton Campaign коалициясы он үш жыл бұрын өзбек мақтасына жариялаған бойкот мерзімі аяқталғанын хабарлады.

Ұйым сайтындағы мәліметке қарағанда, мұндай шешім "Адам құқықтары жөніндегі өзбек форумы" есебінің қорытындысына сай қабылданған. Есепте 2021 жылы мақта жинау науқаны кезінде еңбекке мәжбүрлеп жегу жайттары сирегені айтылған.

2009 жылы Өзбекстандағы мақта алқаптарында бала еңбегі мен мәжбүрлі еңбекке қарсы болған Cotton Campaign альянсы әлемдік қауымдастықты өзбек мақтасына бойкот жариялауға шақырған.

Сол кезде әлемдегі ірі 331 бренд коалиция бастамасын қолдаған. Олардың арасында Adidas, Zara, C&A, Gap Inc., H&M, Levi Strauss & Co., Tesco және Walmart секілді танымал брендтер де болды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Өзбекстанда имамдар тұрғындарды мақта теруге шақыра бастады