Оралда дүкен сөрелерінде қант жоқ. Осыған дейін БАҚ ресейліктердің жаппай азық-түлік сатып алып жатқанын жазған

Орал дүкендеріндегі қант сөрелері. 12 наурыз 2022 жыл.

Ресей шекарасынан шамамен жүз шақырым жердегі Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында қант тапшылығы туындаған. Қаладағы дүкендерде қант жоқ. Кейбір сауда орындары үш-төрт килограмнан ғана шектеп сатып жатыр. Ал қанттың бір килограмы 500 теңгеге қымбаттап кеткен. 11 наурызда бір кило қант 375-380 теңге көлемінде болған.

Осыған дейін жергілікті БАҚ Ресеймен шекаралас облыстарда көрші ел азаматтарының көп мөлшерде азық-түлік және өзге де тауарларды жаппай сатып ала бастағанын хабарлаған. "Мой город" порталының жазуынша, Ресей азаматтары Қазақстанда азық-түлік құны салыстырмалы түрде арзан екенін және Ресейде Батыс санкциясына байланысты тұтыну нарығында дүрбелең басталғандықтан тауарларды шектеп сатып жатқанын айтқан.

Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік басқармасының өкілдері қалада азық-түлік тапшылығы жоқ екенін хабарлады. Шенеуніктердің айтуынша, дүкен сөрелерінде қанттың болмауы оған сұраныстың артуымен байланысты.

—Дүкендер алгоритм бойынша жұмыс істеп жатыр: олар күніне тауардың белгілі бір мөлшерін шығарады. Сұраныс жоғары болғандықтан қант бітіп қалған. Бірақ ертең қайта пайда болады. Бұған қоса, қант сату бойынша да шектеу жоқ, – деді Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік басқармасының баспасөз хатшысы Мейрам Қабдығалиев.

Ол қалаға Ресейден сатып алушылар ағылып келіп жатыр деген ақпаратты да терістеді.

Ал тұрғындар қалада ресейлік нөмірі бар көліктер мен тауар тасымалдауға жиі пайдаланылатын борттық газельдер көбейе бастағанын хабарлады.

11 наурызда Қазақстан сауда және интеграция министрлігі елде қант қоры жеткілікті екенін хабарлаған. Үкімет тасымалдаушылардың географиялық ауқымын кеңейту үшін және тапшылық туындамас үшін шетелден қант пен қант шикізатын сатып алу жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

Ресми мәлімет бойынша, 2021 жылы Қазақстанның өз ішінде 227 млн тонна қант өндірілген. Елде тұтынатын қант мөлшерінің 60 пайызы шеттен тасымалданады. Былтыр өзге елдерден 507 млн тонна қант пен қант шикізаты импортталған, жартысынан астамы Ресейден әкелінген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ресей соғыста саяси және экономикалық тұрғыдан жеңіледі". Мұның Қазақстанға зардабы қандай?