14 наурызда Шымкент базарларында қанттың келісі 600 теңгеден асты. Әкімдіктің тұрақтандыру қорымен келісім-шартқа отырған сауда орындарында қанттың келісі 370 теңгеден болғанымен, бір адамға 1 келіден артық сатылмай, шектеу қойылған.
Шымкенттің "Көктем", "Әкбар" базарларында қанттың келісі 600-760 теңгеден сатылып жатыр, оның өзі де сирек кездеседі.
Саудагерлер осыдан үш күн бұрын көтерме бағасы 8200 теңге болған 25 келі қант қазір 15-19 мың теңгеге жеткен. Қалаға қант жеткізетін компаниялар күрт қымбаттатқан.
- Медресеге аптасына бір қап қант аламыз. Таңертең 25 келі қантты 10 мың теңге деп тұрған. Түсте қайтып келсем 15 мың теңге болыпты. Соңғы кезде азық-түлік қымбаттап кетті, - дейді тұтынушының бірі.
Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветенария басқармасы басшысының орынбасары Әбунасыр Жанбатыров әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың қатарына қант та кіретінін айтады.
Оның сөзінше "қалада қант тапшылығы жоқ, қант жеткізетін бес компанияда жеті жарым мың тонна қант бар". Демалыс күндері қалада дүрбелең болған соң арнайы комиссия тексеріп, кей базарларда саудагерлер қанттың келісін 450 теңгеге дейін көтергенін анықтаған.
- Тұрақтандыру қоры бекіткен өзге тауарлардың бағасы өзгерген жоқ, -дейді Жанбатыров. Оның сөзінше, 12-13 наурызда Шымкентте қантты негізсіз қымбаттатқан төрт саудагерге ескерту берілген.
Алматыда да қант тапшы. Қала шетіндегі "Алтын орда" көтерме сауда базарында қант жоқ, бары қымбат.
- Кешелі бері қант іздейтіндер күрт көбейді. Қанттың келісі 550 теңгеден болып тұр, - дейді Әсем Дүйсенбекова.
Базардағы сатушылар сөзінше, қанттың келісі бұған дейін 300-350 теңге болған.
"Алтын орда" базарының аты-жөнін атамуды өтінген басшыларының "қоймалардың жабық екенін, неге ашпай отырғанын" білмейтінін айтты.
Қантты базардан ғана емес сауда орталықтарынан да табу қиын. Саяхат автовокзалы маңындағы "Магнум" сауда орталығы "қант кеше таусылғанын" айтты.
12 наурызда ауыл шаруашылығы министрлігі мен сауда және интеграция министрлгі Қазақстанда қант тапшылығы жоқ екенін хабарлаған. Министрлік сауда желілері мен тұрақтандыру қорларындағы қант қоры "кемі үш айға жететінін" алға тартып, дүрбелең жасамауды сұраған.
Бірер күннен бері Қазақстанның Ресеймен шектес өңірлерінде қант тапшы бола бастағаны, Ресей азаматтарының жаппай сатып алып жатқаны туралы хабар тараған.