Қазақстанда ресми тіркелген алты партияның бірі –"Адал" партиясы 16 наурызда ұйымның саяси кеңесі "Аманат" партиясына қосылу туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Сәрсенбі күні Инстаграмда жариялаған мәлімдемесінде партия өкілдері қазіргідей қиын-қыстау кезеңінде "күш біріктіріп" қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "маңына топтасу маңыздылығын" алға тартқан.
Мәлімдеме авторлары партия "халықтың кірісін арттыру, мамандықтар картасын жасау" сияқты жақтастарына берген уәделерін "орындайтынын" да атап өткен.
"Билік партиясымен қосылғаннан кейін біздің бастамаларымыз жаңа серпін алып, елдегі қарапайым азаматтарға пайда әкеледі деп сенеміз" деп жазылған мәлімдемеде.
"Адал партиясы" – Қазақстанда ресми түрде тіркелген алты партияның бірі. Сарапшылар оны билікті қолдайтын, билікке балама ұсыныс жасай алмайтын саяси ұйымдар қатарына жатқызады. Былтыр парламент сайлауына қатысқанмен 7 пайыздан артық дауыс жинай алмай, парламентке өтпеді.
Қазақстанда оппозиция белсенділері биліктің партияларды ресми түрде тіркеуден бас тартып, шынайы саяси бәсекеге жол бермей отырғанына жиі шағымданады. Билік мұны жоққа шығарады.
Халықаралық ұйымдар елде өткен сайлаулардың бірде-бірін әділ өтті деп таныған жоқ.
2013 жылы "Бірлік" ретінде тіркелген партия 2020 жылы қараша айының басында атауын өзгертіп, "Адал" болған. Оның алдында партияның кейбір мүшелерінің аты "28 млн теңгелік кешке" қатысты дау туындаған шақта аталған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ақынның 28 млн теңгелік кешінен соң дауға қалған Қожамқұлов "Адал" партиясынан кетті (Видео)