Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Украина билігінен Ресей тұтқындары туралы видеоларды жарияламауды талап етті.
Украина қауіпсіздік қызметінің қолдауымен құрылған телеграм арнада Ресей тұтқындары туралы видеолар жиі жарияланады. Онда тұтқынға түскен Ресей солдаттары аты-жөнін айтып, құжаттарын көрсетіп, өзге де жеке мәліметтерін айтады. Кейбірі камераның көзінше туыстарына хабарласады. Құқық қорғаушылардың пікірінше, мұндай видеолар қысыммен жасалады және кейбірінде солдаттардың ар-намысына тиетін сөздер айтылады.
Соғыс тұтқындарымен мұндай қарым-қатынас жасау тұтқындарды қорғау туралы Женева конвенциясына қайшы. HRW өкілдерінің айтуынша, құжатқа сәйкес тұтқынға алған ел қарсы тараптың әскерімен кез келген жағдайда адамша қарым-қатынас жасауы тиіс. Конвенция сонымен бірге солдаттарды тергеп, жеке мәліметтерін жариялауға да тыйым салады.
Құқық қорғау ұйымы өкілдері бұл жөнінде 10 наурызда Украина билігіне қайырылған, бірақ әзірге жауап келмеген.
- Ресейдің мемлекеттік және кремлшіл ақпарат құралдары, сонымен бірге Донбастағы сепаратистермен байланысты сайттар да украиналық тұтқындар туралы видеоларды жиі жариялайды.
- Екі жақ та қанша адамның тұтқынға түскені туралы мәліметті жарияламады. Кейбір ақпаратқа қарағанда, олардың саны жүздеген адамға жетуі мүмкін.
- 24 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин Украинаны "денацификация және демилитаризациялау" мақсатында көрші елге басып кірген. Путин НАТО Украинаны Ресейге қарсы шепке айналдырғысы келеді деп мәлімдеген. Украина мен НАТО мұны жоққа шығарады.