Украинада соғыс басталғаннан бері денсаулық сақтау мекемелеріне кемінде 43 рет шабуыл жасалды, 12 адам қаза болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) басшысы Тедрос Гебрейесус БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде осылай деп мәлімдеді.
Ресей басқыншылығына арналған Қауіпсіздік кеңесінің отырысы бейсенбі күні Нью-Йоркте өтті.
"Қандай жағдай болмасын, денсаулық сақтау мекемелеріне шабуылдау – халықаралық гуманитарлық құқықты бұзу болып есептеледі" деді ДДСҰ басшысы.
Ол қазір орыс әскерінің қоршауында қалған Сумы және Мариуполь қалаларына гуманитарлық көмек жеткізуде қиындықтар туындап жатқанын айтты.
Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Батыс елдері Ресейдің әрекетін сынға алып, Мәскеуді тез арада соғысты тоқтатуға шақырды.
Бейсенбі күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Еуропа Одағының сыртқы саясат мекемесінің басшысы Джозеп Боррель Ресейді Украинада әскери қылмыс жасап жатыр деп айыптады.
Блинкен Ресей президенті Владимир Путинді "әскери қылмыскер" деп атаған АҚШ лидері Джо Байденнің айтқандарымен толық келісетінін жеткізді.
Мемлекеттік хатшы сөзінде Мариупольдағы адамдар жасырынып отырған драма театрға жасалған соққыны және Чернигов қаласында 10 бейбіт тұрғынның қаза болғанын еске салды. Блинкеннің сөзіне қарағанда, соғыстың үш аптасында Ресей әскерінің азаматтық нысандарға соққы беріп жатқаны айқындалған. Дегенмен Мәскеу мұны жоққа шығарып келеді. АҚШ-та әскери қылмыс жасалғанын дәлелдейтін айғақтар жиналып жатыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Соғыстың үшінші аптасында не болды?