Украина президенті Владимир Зеленский Мәскеумен тағы келіссөз өткізу қажеттігін айтты. Соғыстың жалғасып жатқанына үш аптадан асты. Ресей елдің оңтүстік-шығысындағы стратегиялық маңызды портты қала – Мариупольге кіргенін хабарлады.
"Кездесетін, сөйлесетін уақыт. Украинаның территория тұтастығы мен әділдікті орнататын сәт. Оған келіспесе, Ресей бірнеше буын қалпына келтіре алмайтын шығынға батады" деді Зеленский 19 наурызда Фейсбукте жариялаған видеосында.
Кей ақпаратқа қарағанда, Мәскеу үш аптадан астам уақытқа созылған соғыста көп солдатынан айырылған. Зеленский мәлімдемесі жарияланған кезде Ресей бірнеше апта қоршауда болған Азов теңізіндегі портты қала Мариуполь орталығына жеткенін хабарлады.
Ресей аталған қаланы бомбалап, жүздеген адам паналаған театрды атқылағаннан кейін Батыс елдері және халықаралық ұйымдар жағдайға алаңдап, Ресейді әскери қылмыс жасады деп айыптады. 18 наурызда Ресей басшысы Владимир Путинмен телефон арқылы бір сағат сөйлескен Франция басшысы Эммануэль Макрон Мариупольдегі жағдайға қатты алаңдап отырғанын жеткізді. Франция басшысы Ресей президентіне қаланы қоршаудан босатып, халықаралық құқықты сақтауға үндеді.