Украинаның қорғаныс және қауіпсіздік кеңесі Ресеймен байланысы бар саяси партиялардың жұмысын тоқтатты. Бұл жөнінде Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді. Тізімде бұрын ресейшіл саясаткер Виктор Медведчук жетекшілік еткен "Оппозициялық плавтформа – Өмір үшін", «Шарий партиясы" секілді саяси ұйымдар бар.
"Жікке бөлетін немесе коллаборацияға апаратын саясаткерлердің ісінен ештеңе шықпайды, оларға қатаң жауап беріледі. Ресеймен соғыс жағдайын және осы елмен саяси байланыстарын ескере отырып, бірқатар саяси партиялардың жұмысын тоқтаттық", – деді Зеленский.
Жұмысы тоқтатылған партиялар тізімі (жақша ішіне украин тіліндегі атауы жазылды - ред.):
- "Оппозициялық платформа – Өмір үшін" ("Опозиційна платформа – За життя")
- "Шарий партиясы" ("Партія Шарія")
- "Біздікі" ("Наші")
- "Оппозициялық блок" ("Опозиційний блок")
- "Солшыл оппозиция" ("Ліва опозиція")
- "Солшыл күштер одағы" ("Союз лівих сил")
- "Мемлекет"("Держава")
- "Украина прогрессивті социалистік партиясы" ("Прогресивна соціалістична партія України")
- "Украина социалистік партиясы" ("Прогресивна соціалістична партія України")
- "Социалистер" партиясы (партія "Соціалісти")
- "Володимир Сальдо блогы" ("Блок Володимира Сальдо")
"Оппозициялық платформа – Өмір үшін" партиясы Жоғарғы рададағы ірі оппозициялық фракцияны бақылаған. Бұл партияны оппоненттері "Ресейдің Қырымды аннексиялағанына іш тартты және Украина шығысындағы сепаратистерді қолдады" деп айыптайды.
Бұл партия жетекшілігі Ресей Украинаға басып кіргенде Украинаны қорғайтынын, ұрыс қимылдары жүріп жатқан аймақтарда Украина азаматтарына қолдау көрсететінін мәлімдеген.
Партияның бұрынғы жетекшісі Виктор Медведчукті 2021 жылдың қазан айында мемлекетке сатқындық жасады деп айыптаған. Тергеу кезінде "өзін өзі жариялаған "ДХР" мен "ЛХР-дан" келетін контрабандалық көмірмен байланысы бар" деген күдік айтылған. Украина Бас прокуратурасы Медведчуктің Мәскеумен байланысы Украинаның 2014-2015 жылдардағы экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтірді деп айыптайды.
Үйқамаққа алынған Медведчуктің биыл ақпан айында қашып кеткені мәлім болды. Адвокат сөзіне қарағанда, Медведчук Киевтегі қауіпсіз орынға кеткен. 18 наурызда Львов соты оны қамауға алу жөнінде сырттай шешім шығарған.
Медведчуктің Ресей президентімен де байланысы бар. 2004 жылы Владимир Путин Медведчуктің қызына өкіл әке болған.
"Шарий партиясының" негізін қалаушы – танымал видеоблогер Анатолий Шарий. Еуропа одағына кетіп, 2012 жылы саяси баспана алған. 2014 жылдан бері Шарий Украина билігін, Майданды қолдаушыларды Мәскеумен дұрыс қатынас жасамады деп қатаң сынап келеді. Кейінгі кездері Украина президентін сынауды күшейткен.