Ақтөбедегі сот Қаңтар оқиғасынан соң қамалған белсендіні үйқамаққа ауыстырды

Қуат Шамұратов.

Ақтөбенің мамандандырылған тергеу соты Қаңтар оқиғасынан соң "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыпталған белсенді Қуат Шамұратовты изолятордан үйқамаққа ауыстырды. Бұл туралы сот қаулысы 19 наурыз күні шыққан.

Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, бұлтартпау шарасы өзгерген Қуат Шамұратов алдағы екі айда үйқамақта болады.

Кейбір ақпаратқа қарағанда, Қуат Шамұратовқа тағылған айып жеңілдеген. Осыған дейін Шамұратов Қылмыстық кодекстегі 272-баптың 1-бөлігімен (жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру) тергелген болса, прокуратураның өтінішінен соң оның айыбы осы баптың 2-бөлігімен (жаппай тәртіпсіздікке қатысу) қайта сараланған. Яғни, тергеу оның тәртіпсіздікті ұйымдастырушы екенін дәлелдей алмаған.

Ақтөбе полициясы Азаттықтың Шамұратов туралы "тергеу мүддесіне орай" сауалдарына жауап бере алмайтынын айтты. Бірақ Шамұратовқа тағылған айыптың жеңілдегенін растамады я терістемеді.

Қуат Шамұратовтың адвокаты Нұртас Аманбаев "адвокаттық құпия" деп ақпарат беруден бас тартты. Белсенді Шамұратовтың анасы Маржан Серікбаеваның да қылмыстық істің қайта сараланғаны туралы айтқысы жоқ. Алайда Маржан Серікбаева ұлының үйқамаққа шыққанын растап, қуанып отыр. Бұған дейін Қуат Шамұратовтың туыстары оған тағылған айыппен келіспей, бірнеше мәрте облыс прокуратурасына барған еді.

Жеке кәсіпкер Қуат Шамұратов алғаш рет 2020 жылғы ақпан айындағы наразылық кезінде белсенділігімен көзге түскен. Туыстары содан бері әр митинг қарсаңында Шамұратовтың үйін полиция үнемі аңдып тұратынын айтады. Яғни, оның істі болуын белсенді азаматтық позициясымен байланыстырады.

44 жастағы Қуат Шамұратов – төрт баланың әкесі. Туыстарының сөзінше, ол он жылдан астам полицияның жедел уәкілі болған, кейін өз еркімен жұмыстан кетіп, кәсіпкерлікпен айналысқан.

Ақтөбеде қаңтар оқиғасынан соң 12 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу изоляторына қамалған. Одан бөлек сегіз ақтөбелік үйқамаққа алынған. Ақтөбе полициясының мәліметінше, екі іс терроризм бабымен тергеліп жатыр. Қамалғандардың басым бөлігі "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" күдігіне ілінген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Сексеуілде тоқтаған пойыз, Шудағы шырғалаң". Қаңтарда шалғайдағы халық та билікке талабын жеткізуге талпындыБір ай кешіккен жаназа. Русланбек «террорист» пе?"Мама, алаңға бармашы!" Азаттықтың Ақтөбедегі тілшісінің көргені