Ресейдің Қырғызстандағы елшілігі өз Telegram-арнасында Украинадағы соғыста Қырғызстаннан шыққан жігіттің қаза тапқанын растады.
"Украинаны демилитаризациялау және денацификациялау бойынша арнайы әскери операция кезінде әскери тапсырманы орындау барысында Қырғызстаннан шыққан Ресей азаматы, Ресей Федерациясы қарулы күштерінің келісім-шартпен қызмет ететін қатардағы жауынгері Дорбоев Егемберді Беққазымович ерлікпен қаза тапты" делінген хабарламада.
Дипломатиялық мекеме қаза тапқан азаматтың туыстарына көңіл айтты. Ресейдің кей ақпарат құралдары Дорбоев 8 наурызда қаза тапқан деп жазды.
17 наурызда әлеуметтік желіде Украинадағы соғыста қырғыз жігіттің қаза тапқаны туралы ақпарат тарады. Қолданушылардың бірі таныстарының баласы, Ресей армиясында төрт айдан бері қызмет етіп жүрген 19 жастағы жігіт опат болды деп жазды.
Оның ақпаратына сенсек, жігіт 22 ақпанда туыстарына қоңырау шалған, ал 8 наурызда Ресейде жұмыс істейтін анасына ұлының қаза болғанын естіртіп, денесі Ресейдің Қырғызстандағы Кант әуе базасына жөнелтілетінін айтқан. Кейін осы деректі жазған адам постты желіден алып тастады.
22 наурызда белгілі болған ақпаратқа қарағанда, Егемберді Дорбоев Ыстықкөл облысында туып-өскен. Мұны Азаттықтың Қырғыз қызметіне Ыстықкөл ауданы Қараой ауылының басшысы Ерлан Жұмеков айтқан.
"Мәйітті әлі әкелмеді. Әкесі осында. Жігіт 2002 жылы туған, Ресей азаматы. Басқа ақпарат жоқ" деді Жұмеков.
Қырғызстанның соңғы ресми дерегі бойынша, елдің 1 млн 118 мың азаматы шетелде жұмыс істейді, соның бір миллионы – Ресейде.
Бейресми ақпарат бойынша, 400-500 мың қырғызстандық Ресей азаматтығын алған.