21 наурызда Теміртаудан өткен "Наурыз мейрамы-2022" футзал турнирінде "Имсталькон", "Ақ жол" және жанкүйерлер арасында жаппай төбелес болды.
22 наурыз кешкісін жергілікті полиция төбелескендердің бәрі анықталғанын, "Топ болып бұзақылық жасау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Полиция бұл оқиғаны әлеуметтік желіде тараған видеолардан білген.
"Төбелескендерге сот-медициналық экспертиза белгіленді" деді Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі Азаттыққа.
Матч Теміртаудағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде өткен. Желіде тараған видеодан төбелестің бір ойыншы қарсыласын итеріп жібергеннен басталғанын байқауға болады. Осыдан соң екі команданың ойыншылары жаппай төбелесе бастайды, кадрда жанкүйерлердің де төбелеске араласқаны аңғарылады.
Желіде төбелесті бастағандарды жауапқа тартуды талап етіп жатқандар бар.
Полиция қазір жарыстың ұйымдастыру мәселесін де тексеріп жатыр, бірақ департамент турнирді кім ұйымдастырғанын айтпады. Ұйымдастырушылар жарыс жайлы полицияға алдын ала ескертпеген, төбелес болғанын да айтпаған. Әдетте мұндай жарыстар өтетін болса құқық қорғау органдарына ескертуі тиіс.
Қазақстан футбол федерациясына қарайтын Қазақстан футзал қауымдастығы да бұл жайт жайлы әзірге ешқандай мәлімдеме жасамады.
"Топ болып бұзақылық" жасау бабы бойынша бес жыл бас бостандығын шектеу, 50 айлық көрсеткіш есебінде айыппұл я қоғамдық жұмысқа тарту жазасы қарастырылған.