Қала мәслихаты Қапшағай қаласына Қонаев атын беру туралы шешім қабылдады. Шешім Алматы облысының мәслихатына жөнелтілген. Бұл жөнінде ҚазТАГ агенттігі жазды.
Агенттіктің жазуынша, 25 наурызда қала мәслихатының сессиясында Қапшағай атын Қонаев деп өзгерту туралы ұсынысты депутаттар бірауыздан мақұлдаған. Енді бұл мәселені Алматы облысының мәслихаты қарайды.
16 наурызда Қазақстан халқына жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысы екі аумаққа: Алматы облысы және Жетісу облысы болып бөлінетінін айтқан. Жетісу облысының орталығы – Талдықорған қаласы болады, ал Алматы облысының орталығы Қапшағай болады деген. Тоқаев "халық Қапшағай қаласына Дінмұхаммед Қонаев атын беруді ұсынса" қолдайтынын жеткізген.
Қапшағай – Алматының солтүстігіне қарай 56 шақырым жерде орналасқан 60 мыңнан астам адам тұратын шағын қала. Елді мекен жасанды Қапшағай су қоймасы жағалауында орналасқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанда жаңа үш облыс пайда болады: Абай, Ұлытау және Жетісу