Байден соғыс басталғалы бері алғаш рет Украинаның екі министрімен кездесті

АҚШ президенті мен Украинаның екі министрінің кездесуі. 26 наурыз 2022 жыл.

АҚШ президенті Джо Байден 26 наурызда Варшавада Украинаның екі министрі – сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба мен қорғаныс министрі Алексей Резниковпен кездесті.

Кездесуге сонымен бірге АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен, Пентагон басшысы Ллойд Остин қатысты. Бұл Ресей Украинаға басып кіргелі бері Америка мен Украинаның жоғары лауазымды тұлғалары арасында өткен алғашқы кездесу.

Алексей Резниковтың Twitter'дегі жазбасына қарағанда, кездесу барысында тараптар саяси және қорғаныс саласындағы әріптестікті нығайту мәселесін талқылаған.

Сенбі күні сәл кешірек Байден АҚШ пен одақтастарының Украинаға көмегі жөнінде сөз сөйлейді. Бұған дейін Ақ үй Байден "еркін әлемнің" Ресей басқыншылығына қарсылығы жөнінде айтады деп мәлімдеген.