Қырғызстан үкіметі елдегі азық-түлік нарығын тұрақты ұстап, халықты аса қажетті тауарлармен қамтамасыз ету мақсатында арнайы кеңес құрды.
Азық-түлік кеңесін министрлер кеңсесінің басшысы Ақылбек Жапаров басқарады. Кеңес құрамына министрлер, бірқатар банк өкілдері, Қырғызстан-Ресей даму қоры, сонымен бірге Мемлекеттік материалдық резерв қоры мен сауда өкілдері кірді.
Ресми мәліметке қарағанда, кеңес ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қорғауды, олар өндірген тауарлардың экспорты мен импортын бақылауды, сонымен бірге азық-түлік қауарларының сапасы мен қауіпсіздігін арттыруды көздейді.
Кеңес мүшелері отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге республикалық және жергілікті бюджеттен қолдау көрсету жөнінде ұсыныстар дайындайды. Қырғызстанның шалғайдағы, таулы аймақтарында азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға ерекше көңіл бөлінеді.
Мұның алдында билік әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шұғыл шешуді көздейтін Дағдарысқа қарсы комитет құрып, ауыл шаруашылығының бірқатар өнімдерін экспорттауға уақытша тыйым салған.
Қырғыз билігінің мәліметінше, елде 5 жарым айға жететін азық-түлік қоры бар.