Қазақстанның батысы мен солтүстігінде бірқатар елді мекендерде тұрғын үйлерге су кіріп, республикалық және облыстық маңызы бар жолдарды су шайды. Әлеуметтік желілерде су басқан үйлер туралы видеолар мен суреттер жарияланды.
Азаттықтың Ақтөбедегі тілшісінің хабарлауынша, 31 наурыздан бері барлық-дерлік ауданда көшелерді су басқан. Онда резеңке етіксіз жүру мүмкін емес. Арнайы мамандар суды сорып үлгермеген.
Жергілікті ақпарат құралдары 31 наурызда Ақтөбе көшелерінде кетіп бара жатып, суға батып кете жаздаған қызды бірнеше ер адамның құтқарып алғаны жөнінде видео жариялады. Оқиға "Батыс-2" ықшамауданында болған. Қыздың батып бара жатқанын бірнеше ер адам көріп қалып, жалма-жан құтқаруға кіріскен. "Тағы болмағанда ол ағып кетер еді" деді оны құтқарған жігіттердің бірі Алексей Ступенко Zakon.kz сайтына. Оның сөзіне қарағанда, ағыстың екпіні қатты болғандықтан қызды арықтан әрең алып шыққан. Ақтөбе әкімі Асхат Шахаровтың сөзіне қарағанда, қазір "су бата жаздаған қызға дәрігерлер көмек берген, жағдайы бір қалыпты".
31 наурызда Ақтөбе облысы Қобда ауданы Өтек ауылын аудан орталығымен жалғайтын көпірді де су шайған. Шамамен 350 тұрғыны бар ауылдың әкімі Өмірсерік Бауыржанұлының Азаттыққа айтуынша, бейсенбі күні соның салдарынан жеңіл және қоғамдық көліктер ауданға қатынай алмай қалған. Ал жұма күні судың деңгейі басылған. Бірақ көпірден су толық кетпеген. Ауыл тұрғындары 2018 жылы салынған жаңа көпірді алғаш рет су басып отырғанын айтады.
Жұма күнгі брифинг кезінде облыс төтенше жағдай департаменті басшылығы ауа рай күрт жылынып, қар ерігеннен кейін облыста республикалық маңызы бар екі трасса, облыстық маңызы бар екі трасса және жергілікті елді мекендерді жалғайтын алты жолды су шайып кеткен. Алтауында әлі су жатыр. Үш мыңнан астам адамның ірі елді мекендерге бару мүмкіндігі шектелген. Кейбір жерде қайық өткелі ұйымдастырылған.
Облыс билігі тұрғындарға тікелей қауіп жоғын айтты. Жаппай үйлерді су басу оқиғалары тіркелмеген.
"Уральская неделя" басылымының жазуынша, Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Шалғын ауылында су бастапқыда мектепке кіріп, кейін үйлерге кірген. 1 сәуірге қараған түні құтқарушылар тұрғындарды көшіруге көмектескен. 26 отбасы уақытша мәдениет үйіне көшірілген.
Шыңғырлау ауданында кейбір жолдарды су басқан. Бірақ тұрғын үйлерге қауіп жоқ екені айтылады.
Дәл осыған ұқсас жағдай Қазақстанның солтүстігіндегі кейбір елді мекендерде болған. Жергілікті телеграм арналарында су басқан үйлер туралы видеолар мен суреттер жарияланды. Ақпаратқа қарағанда, Павлодар облысында Рождественка елді мекенінде үйлерге су кірген.
Төтенше жағдай министрі Юрий Ильиннің айтуынша, қазір Қазақстанда 227 елде мекенге су басу қаупі төніп тұр. Оған үш фактор әсер еткен: қардың уақытында тазаланбауы, арықтардың аршылмауы және қардың еруі.
Бұған дейін Атырау облысы Сағыз ауылының ортасынан қақ жарып өтетін Ноғайты өзенінің тасып, тұрғындардың қауіпсіз жаққа эвакуацияланғаны, бірсыпыра үйлердің есік алды мен қораларын су басқаны хабарланған. Батыс Қазақстан облысында орта мектептің ішін су басып, балшықтан соғылған қабырғалары құлаған.
(Жаңалықты әзірлеуге Жаңагүл Жүрсін де үлес қосты).