Жетісу облысында – 8 аудан, Алматы облысында 9 аудан болады. Бұл жөнінде жұма күні Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, облыстарды бөлу жұмыстары басталған.
Жетісу облысына 8 аудан: Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандары және Талдықорған мен Текелі қалалары кіреді.
Ал Балқаш, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай, Кеген, Райымбек, Талғар, Ұйғыр аудандары, сонымен бірге Қапшағай қаласы Алматы облысында қалады.
Жетісу облысына барлығы 352 елді мекен кіреді, ал Алматы облысына 380 елді мекен қарайды.
Облыс әкімінің пікірінше, облысты бөлу "мемлекеттік басқару процесін оңтайландырады, азаматтардың облыс орталығына барып-қайтуын жеңілдетеді, ішкі көші-қон мәселесін реттеуге септігін тигізеді, өңірдің дамуына қуатты серпін береді".
Ресми ақпаратқа қарағанда, "маңызы бар әкімшілік-аумақтық бірліктердің жаңа шекаралары және басқа да географиялық деректер көрсетілген схемалық карта дайындалып жатыр". Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада экономикалық есептеулер, талдау, штат санын қайта бөлу, мемлекеттік органдар орналасатын нысандарды айқындау жұмыстары да басталғаны жазылған.
Ресми ақпарат бойынша, соңғы 20 жыл ішінде облыс бюджеті 2001 жылы 21 млрд теңгеден 2021 жылы 830 млрд теңгеге дейін өскен.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың наурыз ортасындағы халыққа жолдауынан кейін Қазақстанда тағы үш облыс пайда болатыны белгілі болған: Шығыс Қазақстан облысының Семей аймағында – Абай облысы, Қарағанды облысының Жезқазған өңірінде – Ұлытау, Алматы облысы аумағында Жетісу облысы құрылады.
Бұған дейін ҚазТАГ агенттігі үш облыс маусым айына дейін құрылуы мүмкін екенін хабарлаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Қала мәслихаты Қапшағайға Қонаев атын беру туралы шешім қабылдады"Жаңа елбасы жасаудың қажеті жоқ". Тоқаев жолдауы туралы сұхбатҚазақстанда жаңа үш облыс пайда болады: Абай, Ұлытау және Жетісу