2 сәуірге қараған түні Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе, Бөрілі және Шыңғырлау аудандарында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Мұнда қар еріп, ондаған үйді су басқан. Құтқарушылар тұрғындарды эвакуациялап жатыр. Қаратөбе ауданында су тасқынынан отыз шақты ірілі-ұсақ мал өлген.
"Бөрілі және Қаратөбе аудандарында 37 үй және екі әлеуметтік нысанды (мектеп пен медицина пункті) су басты. Су басқан үйлерден 87 адам адам көшірілді, 52-сі бала" деп жазылған БҚО төтенше жағдай департаменті хабарламасында.
Бөрілі ауданында жуырда салынып біткен Қызылтал ауылы зардап шеккен. Дәл осы аумаққа кезінде мұнай кенішінен зардап шеккен Березовка тұрғындары көшірілген еді.
Қызыл су облыстағы үш трассаны шайып кеткен. Төтенше жағдай мамандарының айтуынша, су жолға шыққанмен қозғалыс тоқтамаған.
Аймақта су басу қаупі сейілмеген. Ауа райы мамандары 2 сәуірде де аймақтың кейбір аудандарында жауын жауатынын айтып отыр.
Ақтөбеде де тасқын судың беті қайтқан жоқ. Ақтөбе облыстық төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, 1 сәуір түстен кейін Ақтөбеде тағы 31 үйді су басып қалған. 2 сәуірге қараған түні Ақтөбе қаласы мен облыстың тоғыз ауданында мың жарымға жуық құтқарушы арнайы техникамен 30 мың текше метрге жуық су сорған.
- Мәртөк ауданының Сарыжар ауылында да бірнеше үй су астында қалды. Ол үйлерден 20 адам эвакуацияланды, - деп хабарлады департамент өкілдері.
Кеше, 1 сәуір күні кешкілік еріген қар суы Ақтөбе-Астрахань тас жолының 283 шақырымын шайып кетіп, көлік қатынасы тоқтап қалған. Бұл – Ақтөбе мен Атырауды жалғап жатқан тас жолдың Байғанин ауданы Жарлы мен Ноғайты ауылдары аралығындағы бөлігі.
«Қазақавтожол» ұлттық компаниясы Ақтөбе филиалының мәліметінше, Ақтөбе-Астрахань тас жолындағы көлік қозғалысы төрт сағаттан қалпына келген. Бүлінген бөлігі қиыршық таспен нығыздалған тас жол уақытша жарамды.
Ал көпірін су шайып кеткен Қобда ауданындағы Өтек ауылы төрт күннен бері қатынассыз отыр.
- Тасқынның басталарын біліп, ауыл әкімдігінің УАЗ маркалы көлігін көпірдің арғы жағына шығарып қойғанбыз. Көлік жүргізушісі күн сайын қайықпен арғы бетке өтіп, аудан орталығынан нан, темекі секілді жергілікті жұрттың керек-жарағын тасып беріп жүр. Аудан орталығы Қобданың өзі тасқын судан қиындық көріп жатқандықтан олардан көмек күте алмаймыз. Әзірше амалдай тұрамыз, -дейді Өтек ауылдық округінің әкімі Есжанов.
Тасқын қаупі сейілмегендіктен Ақтөбе мен облыс аудандарында 14 мың адамға уақытша пана болатын орындар әзірленген.
Ақтөбе әкімдігінің мәліметінше, тасқынның беті алдағы сейсенбі, сәуірдің 5-іне дейін қайтуы керек.
Төтенше жағдай министрі Юрий Ильиннің айтуынша, қазір Қазақстанда 227 елде мекенге су басу қаупі төніп тұр. Оған үш фактор әсер еткен: қардың уақытында тазаланбауы, арықтардың аршылмауы және қардың еруі.