Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей басшысы Владимир Путин телефонмен сөйлесіп, Украинадағы жағдайды талқылады. Бұл жөнінде 2 сәуірде Ақорда сайты хабарлады.
"Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің барысы туралы мәлімет берді. Украинаның бейтараптық, блоктардан тыс, ядролық қарусыздық мәртебесіне қатысты уағдаластыққа қол жеткізудің аса маңыздылығы жөніндегі ортақ түсіністік туралы айтылды" деп жазылған Ақорда таратқан хабарламада.
"Риа Новости" агенттігінің хабарлауынша, телефон әңгіме барысында Ресей президенті Владимир Путин қазақстандық әріптесіне "Донбасты қолдау арнайы операциясы (Украинадағы соғысты Кремль осылай деп атайды - ред.) мен Ресей мен Украина келіссөзінің барысы" туралы мәлімет берген.
Бұдан бөлек, екі басшы екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыс, Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық бірлестіктер аясында өзара қарым-қатынасты талқылаған.
Қазақстан Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптаған жоқ, қолдаған да жоқ. Бірақ осы аптада Қазақстан президент әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов еуропалық ақпарат желісі – Euractiv сайтына берген сұхбатында "Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын", соғысты соғыс деп атайтынын және санкция салынған тауарлардың Ресейге өтіп кетпеуіне бар күшін салатынын мәлімдеген. Сүлейменов – Украинадағы жағдайға байланысты ұстанымын ашық жеткізген Қазақстандағы алғашқы жоғары лауазымды тұлға.
Елде Украинаны қолдау митингілерінде азаматтар Қазақстан билігін Ресеймен одақтардан шығып, елде Ресейдің мемлекеттік арналарын көрсетуге тыйым салуға шақырған. Нұр-Сұлтан мұндай ұсынысқа реакция білдірмеді. Украинада соғыс басталғалы БҰҰ Бас ассамблеясы Ресейдің әрекетін айыптайтын екі бірдей қарар қабылдап, екеуінде де Қазақстан қалыс қалған. Белсенділер Қазақстанның қалыс қалуын да сынаған.
24 ақпанда Ресей "денацификация" және "демилитаризация" жүргіземіз деген желеумен көршілес Украинаға қарсы соғыс бастаған. Ресей Украинадағы соғысты "әскери операция" деп атайды, оны "соғыс" деп атағандарды қатаң жазалайды. БҰҰ-ға мүше елдердің басым бөлігі оқиғаны Ресей басқыншылығы деп атап, Мәскеуден әскерін Украинадан алып кетуді талап еткен.
Ресей басқыншылығына байланысты Мәскеуге салынған санкциялар Қазақстан экономикасына да кері әсер етіп, ұлттық теңге құнсызданған. Елде азық-түлік, тауарлар қымбаттады.
Ресейдің Украинаға басқыншылығы басталғалы бері Тоқаев Путинмен үшінші рет сөйлессе, Украина басшысы Владимир Зеленскиймен бір рет телефонмен әңгімелескен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Билікті сақтап қалуға тырысып баққан" Тоқаев және Ресейдің "денацификация" саясатынан төнетін қауіп