Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді үкімет отырысынан кейін Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстан Украинаның шығысындағы сепаратистік аймақтарды қолдамайтынын айтты. "Қазіргі уақытта Луганск халық республикасын және Донецк [халық] республикасын қолдамаймыз" деді ол.
Тілеуберді Батыс елдері салған санкциялар Ресейге бағытталғанын және "Қазақстанның бұл санкцияларға қосылмайтынын" айтты. "Бұл санкциялар экономикалық дамуымызға кері әсер етпеуі керек және біздің жеріміз бұл санкцияларды айналып өту мақсатына пайдаланылмауы керек, біз үшін сол маңызды" деді Қазақстанның сыртқы істер министрі.
Ресей әскерін Украинадан шығаруды талап ететін БҰҰ Бас ассамблеясының екі қарары бойынша дауыс бергенде Қазақстан неге қалыс қалды деген сұраққа жауап берген Тілеуберді: "Қалыс қалу да – ұстаным" деді. Оның айтуынша, бұл ұстаным "ұлттық мүддені ескере отырып қалыптасқан".
Мұның алдында Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов EURACTIV басылымына берген сұхбатында да осындай пікір айтқан.
Наурыз айында Қазақстан делегациясы Брюссельге барып, Еуроодақтың ресми өкілдерімен экономикалық әріптестік, геосаяси дағдарыс, Украинадағы соғыс және Батыстың Ресей мен Беларуське санкциялары, оның Қазақстанға әсері мәселелерін талқылаған. Сүлейменов еуропалық басылымға сол сапарында сұхбат берді. Ол "Қазақстан Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайды" және Украинаның шығысындағы "ДХР" мен "ЛХР" деп аталатын сепаратистік аймақтардың тәуелсіздігін де, Қырымның аннексиясын да мойындамайды деген. Бұған қоса ол Украинаға басып кіргені үшін Батыс салған санкцияларды айналып өтуде Қазақстан Ресейге көмектеспейтінін айтқан.
Мәскеумен одақтас ел саналатын Нұр-Сұлтан 24 ақпанда Украинаға қарсы Ресей ашқан соғысты айыптаған жоқ. Наурызда Ресей әскерін Украинадан шығаруды талап ететін екі қарар бойынша дауыс бергенде Қазақстан қалыс қалды. Орталық Азиядағы бұрынғы совет республикасы Украинадағы жанжал бойынша бейтараптық сақтауға тырысып келеді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Украинадағы соғыс жөнінде алғаш рет 1 наурызда пікір білдіріп, екі жақты "бейбітшілікке" шақырған: "Екі мемлекетті келіссөз үстелі басында тіл табысып, келісімге келіп, ымыраласуға шақырамыз. Басқа жол жоқ. Жақсы ұрыстан жаман бейбітшілік жақсы. Бейбітшілік болмаса даму болмайды".
Мұның алдында Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді "ЛХР" мен "ДХР-ды" мойындау мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ, яғни біз халықаралық құқық негіздеріне, БҰҰ жарғысының басты принциптеріне сүйенеміз" деген және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) аясында Украинадағы соғысқа Қазақстан әскерін жіберу мүмкін емес екенін айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Екі кеменің құйрығына жармасу". Сүлейменовтің Еуропадағы мәлімдемесі мен "русофоб агентті ұстау" арасында байланыс бар ма?Ердоғанның Өзбекстанға сапары: Түркияның Орталық Азияға жақындағаны Мәскеудің шамына тие ме? "Билікті сақтап қалуға тырысып баққан" Тоқаев және Ресейдің "денацификация" саясатынан төнетін қауіп