Қазақстан энергетика министрі Болат Ақшолақов "Каспий құбыр желісі консорциумындағы" айлақтың істен шығуына Ресейдің қатысы жоқ деп есептейді. 6 сәуірде журналистердің сұрақтарына жауап берген министр осылай деді. Бұл жөнінде Vlast сайты жазды. Бұған дейін оқиғаға зерттеу жүргізген неміс басылымдарының бірі Ресей Қазақстан мұнайының Еуропаға тасымалдануына әдейі кедергі келтіріп отыр деп тұжырым жасаған.
"[Немістің Handelsblatt басылымындағы зерттеуді] оқып шықтым. Саяси астар көріп тұрған жоқпын, бұл техникалық мәселе. Егер қандай да бір диверсия немесе соған ұқсас бірдеңе болса, құбыр желісі мүлде жұмыс істемеген болар еді. Егер ол 60 пайызға жұмыс істеп жатса, мұндай диверсия ұйымдастырудың не мәні бар?" деді Болат Ақшолақов журналистерге.
Министрдің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Каспий құбыр желісінде бір ғана айлақ жұмыс істеп жатыр. Екінші және үшінші жылжымалы айлақ қондырғыларының істен шығу себептері анықталған, алайда дауыл басылмағандықтан жұмысшылар бригадасы оларды жөндей алмай жатыр.
Оның айтуынша, егер жөндеу жұмыстары 15 сәуірге дейін аяқталса, бұл ақаудың Қазақстанның мұнай өндіру көлеміне елеулі әсері болмайды.
Немістің Handelsblatt басылымы Correktiv зерттеу орталығымен бірігіп жүргізген журналистік зерттеуінде Ресей Қазақстан мұнайының Еуропаға тасымалдануына әдейі кедергі келтіріп отыр деп тұжырым жасаған. Зерттеу авторларының айтуынша, жасанды түрде мұнай тапшылығын туындатқысы келетін Ресей осылайша Украинаға байланысты Мәскеуге санкция салған Батыстан "кек алғысы" келеді. Бұған қоса, Қазақстанға да үстемдігін көрсеткісі келеді. Германия метеорологтары Новороссийскідегі дауылдың күшіне күмән келтірген. Олардың айтуынша, айлақ істен шықты деген күндері аймақта қатты дауыл болмаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
КҚК құбырымен мұнай тасымалдау шектелді. Енді не болмақ?Министр ірі құбыр желісінің бұзылуы мұнай экспортының азаюына қатты әсер етпейді деп мәлімдедіҚазақстанның мұнай тасымалдауында қиындық тудыҚазақстан мұнай экспорттаудың балама жолын іздеп жатыр