"Басшылықтан қысым көргенін" мәлімдеп, ізінше "суицид жасамақ болып" аурухананың жан сақтау бөліміне түскен Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мөлдір Бекееваға қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Бекеева "өзіне қол жұмсамай тұрып" осы іс арқылы басшылық өзін қудалап отыр деп мәлімдеген еді.
Полиция департаменті таратқан мәліметке қарағанда, тергеу барысында Бекеева мен оның үстінен арыз жазған полиция қызметкерінің арасындағы жанжал «Билік өкілін қорлау» (378-бап) бабымен тіркелгенімен кейін «Қорлау» (130-бап) бабына жататыны анықталған. Соған байланысты іс тоқтатылған.
Полиция арызданушыға Бекееваның үстінен азаматтық тәртіппен сотқа жүгіне алатынын ескерткен.
6 наурызда түсте қалалық полиция департаменті кадрлық саясат басқармасының басшысы Данияр Үндербаев департаменттің ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасы басшысы Мөлдір Бекееваның қызметінен босатылмағанын мәлімдеді. Оқиғаға байланысты «Өзіне қол жұмсауға итермелеу» бабымен іс қозғалған.
6 сәуірге қараған түні Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мөлдір Бекееваның "өзіне қол жұмсап" реанимацияға түскені белгілі болған. Бекеева қол салмастан бұрын өзінің Facebook парақшасында жазба қалдырған. Онда үстінен Қылмыстық кодекстің «Билік өкілін қорлау» (378-бап) бабымен іс қозғалған соң жұмыстан кетуге мәжбүр болғанын жазды. Ол сонымен бірге басшылықты өзіне қысым жасады деп айыптап, өзіне ашылған қылмыстық істі соның көрінісі деп бағалаған.
Шымкент полициясының басшылығы Бекееваның айыптауларына түсініктеме бермеді.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы 6 наурызда кешке қарай Азаттыққа Бекееваның әлі толық есін жимағанын айтты.
29 наурыз күні кешке Фейсбук желісінде қарамағындағы қызметкерге дөрекі сөйлеп, бейәдеп сөз сөйлеген әйел адамның аудиожазбасы мен бірге Бекееваның суреті де жарияланған еді. Бекееваға қылмыстық істің қозғалуына осы оқиға түрткі болған. Бұған дейін Бекеева аудиожазбадағы дауыс өзінікі екенін жоққа шығарып, "бұл қызметіне байланысты жасалған қастандық" деп атаған.