2022 жылдың 24 ақпанынан бері Ресей мен Беларусьтің 12 мыңға жуық азаматы қазақстандық банктерден есепшот ашқан. Бұл жөнінде 8 сәуірде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.
"2022 жылғы 24 ақпаннан бері Қазақстан банктерінде Ресей мен Беларусьтің резидент-жеке тұлғалары үшін 11 940 есепшот ашылған. Оның ішінде 10 725 есепшотты ашу кезінде өтініш берушінің өзі немесе сенім білдірген өкілі болған. 1215 есепшот қашықтан рәсімделген. Нәтижесінде аталған мемлекеттердің Қазақстан банктерінде есепшоты бар азаматтар 162 мыңға жетті" деп жазылған агенттік хабарламасында.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ұлттық банк қазақстандық банктерге ресейліктерге карта рәсімдеудің қаупі жөнінде ескерттіВедомство ақпанның соңынан бері жеті ресейлік компанияға есепшот ашылғанын, қазақстандық банктерде барлығы 805 ресейлік ұйымның есепшоты барын алға тартады.
Агенттіктің мәліметіне қарағанда, қазіргі кезде шетел азаматтары мен компанияларына банк есепшотын ашу мен жүргізу тәртібі "қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заң нормалары, сонымен бірге Ұлттық банк пен Агенттіктің реттеу талаптарымен реттелген". Оған сәйкес есепшот ашуға өтінішті офлайн режимінде, онлайн да беруге болады.
Ресей басқыншылығына байланысты Мәскеуге салынған санкцияның салдарынан Visa, MasterCard және өзге де халықаралық төлем жүйелерін қолдану мүмкіндігінен айырылған Ресей азаматтарының көрші елдерден, оның ішінде Қазақстан банктерінен жаппай есепшот аша бастағаны жөнінде ақпарат тараған.
Сәуір айының басында Forbes.kz сайты Қазақстан Ұлттық банкі екінші деңгейлі банктерге халықаралық санкцияға ілінген азаматтарға төлем карталарын рәсімдеудің қаупі жөнінде ескерткенін жазған. Ақпаратқа қарағанда, Ұлттық банк Қазақстан азаматы емес адамдарға карта рәсімдемес бұрын мәселені халықаралық төлем жүйелерінің өкілдерімен талқылап алу қажеттігін алға тартқан. Кейін Ұлттық банк ескерткенін растап, алайда ешқандай шектеу қоймағанын айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресейліктерге Өзбекстаннан банк есепшотын ашуды ұсына бастады