Украинадағы соғыс пен Ресейге салынған санкция дүниежүзінің экономикасына соққы болады, әсіресе Еуропа мен Орталық Азияның дамушы елдеріне қатты тиеді. Мұны Дүниежүзілік банк жексенбіде жариялаған экономикалық шолуында хабарлады.
Дүниежүзілік банк болжамына қарағанда, Ресей басқыншылығына байланысты Украина экономикасы шамамен 45,1 пайызға азаяды, "оның ауқымы соғыстың қарқыны мен қанша уақытқа жалғасатынына байланысты болады".
Импорт кәрзеңкесіндегі тауардың 40 пайызы Ресейден келетін Қазақстан экономикасы 2022 жылы 1,5 пайызға тежеледі. "Ресейдегі экономикалық коллапс Қазақстанға жеткізілетін тауар тасымалының тізбегіне нұқсан келтіріп, Қазақстан экономикасының дамуын тежейді. Жалпы ішкі өнімі 2022 жылы 1,5–2 пайыз азаяды", - дейді Дүниежүзілік банк.
Банк сарапшылар Қазақстан мұнайының 80 пайызын Батысқа жеткізетін Каспий құбыр желісінің наурыз айында Новороссийск портында істен шыққанына назар аударған. Жөндеуге бір айдан алты аптаға дейін уақыт кететінін ескергенде, 2022 жылы мұнай экспортының көлемі бес-алты пайызға қысқарады.
Дүниежүзілік банктің есебінше, Ресейдің жалпы ішкі өнімі Батыс санкциясына байланысты 11,2 пайызға төмендейді.
"Ресей басқыншылығы Украина экономикасына мен инфрақұрылымына орасан зор шығын келтіріп жатыр",- деді Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша вице-президенті Анна Бьерде.
- Ресей Украинаның Азов теңізіндегі негізгі порты Мариуполь қаласын талқандап, халық саны жөнінен Украинаның екінші қаласы Харьков қаласына зор нұқсан келтірді. Ресей әскері көптеген қалалардың әуежайлары мен теміржолдарын бомбалап, көпірлерді жарып жіберді.
- Біріккен ұлттар ұйымының мәліметіне қарағанда, соғыстан 10 миллионнан астам украин босып кеткен, оның 4,5 миллионнан астамы шетелге бас сауғалауға мәжбүр болған.